11.10.2024, 9:00
Оқылды: 248

БҚО-да өзен жайылымы аумағынан 25 000 жер телімі берілген

Су пайдаланушылардан облыс бюджетіне қаражат тиісті көлемде түспейді. Оған мөлшерлемені индекстеу  жүргізілмегені себеп болып отыр. Сондай-ақ қажетті орындарда бөгеттер салынбаған, су қоймалары жөнделмеген, тіпті су қорғау аймақтарында құрылыс жүргізуге жол берілген.

IMG_8282

Сурет: freepik.com

Бұл ақпараттар облыстық прокуратураның  су заңнамасын сақталуына қатысты тексеріс қорытындысы жарияланған жиында айтылды.

Одан бөлек, облыстың 119 елді мекенінде орталықтандырылған су жүйесінің жоқтығынан тұрғындар тіршілік нәрін құдықтардан алып отыр. Сондай-ақ  әлі күнге дейін суды тасып ішетін ауылдар да бар. Облыс прокуроры Серік Шалабаев кей құдықтардан алынған су санитарлық нормаларға сай емес екенін де айтты. Қаратөбе ауданында 8 ауылдың құдығының суы тексеріліп, нәтижесінде судың құрамынан зиянды заттар табылған. Ал қала маңындағы елді мекендерде суды үнемсіз әрі рұқсатсыз пайдалану деректері көп  кездеседі.

– Облыс орталығында көлік жууға арналған 12 кешен су пайдалануға арнайы рұқсат алмай жер асты ұңғымаларын пайдаланып отыр. Ақсай қаласындағы көлік жуатын 4 кешен «Ақсайжылуқуат» МКҚ-ға қарасты сумен жабдықтау жүйесінің суын заңсыз пайдалануда.

Ауыл шаруашылығымен айналысушылар суды заңсыз пайдаланушылардың көшін бастап тұр. Өңірдегі біраз фермер жерасты, жерүсті су көздерін тиісті рұқсат алмай кәдесіне жаратып отыр. Кей шаруалар заңсыз канал қазып жерлерін заңсыз су қоймаларымен жабдықтаған, – деді облыс прокурорының бірінші орынбасары Дәурен  Омарғалиев.

2011 жылғы алапат тасқыннан сабақ алынбағанын айтқан прокуратура мамандары әлі күнге дейін су қорғау аймақтарында құрылыс жүргізуге жол берілгенін де атап өтті. Маусымдық мекен саналатын саяжайларда 10 мыңнан астам адам тұрып келген. Соның салдарынан биыл көктемде мыңдаған баспана топан  су астында қалып, мемлекетке  шығын  келді.

– Орал қаласының әкімдігі өзендердің жайылма аймағынан саяжай үшін 25 мыңнан астам  жер телімін берген. Бұл жеткіліксіз болғандай, Теректі ауданы аумағындағы Подстепный ауылы маңынан тағы 500-ден астам жер берілген. Бұл – бір ғана «Нұрлы жол» бау-бақша қоғамындағы сандар. Біздің бастамамызбен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және жер ресурстарын басқару департаментімен бірлесіп, қылмыстық құқықбұзушылықтың бар-жоғына тексеру жүр-гізілуде, – деді облыс прокуроры Серік  Шалабаев.

Жиында бөгеттер  салу, су қоймаларын ретке келтіру әлі де күн тәртібінен түспеген мәселе екені айтылды. Қазіргі таңда 68 ауыл су тасқынынан қорғалмаған. 25 су қоймасының 20-сы әбден тозып тұр. Аталған түйінді мәселелерді шешу үшін тиісті жұмыстар  қолға  алынған.

– Қорғаныс бөгеттерін қалпына келтіру жұмысын жоспарлаған болатынбыз. Олардың барлығына жобалық-сметалық құжаттама жасақталды. Осы күні қажетті жұмыстар басталды. Қаратөбе, Сырым, Теректі аудандарында бір бөгеттен жөнделетін болса, Бәйтерек ауданында 13 бөгет қалпына келтіріледі. Сонымен қатар Бөрлі ауданында 683 миллион теңгеге 26 шақырымды құрайтын 8 бөгетті салу жұмысы ұйымдастырылды. Олар толық аяқталды. Сондай-ақ Барбастау өзеніндегі Ұзынкөл, Кемел, Жаңаөмір су қоймалары жөнделуде. Бұған 326 миллион теңге қарастырылды, – деді облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов.

Биыл «Азынабай – Тайпақ» су жүйесін жаңғырту жұмысы аяқталып, «Жайық-Шалқар» арнасын күрделі жөндеу басталды. Алқа отырысының соңында облыс прокуроры жауапты тұлғалар мен құзыретті құрылымдарға қалыптасқан жағдайды түзеуге қатысты тапсырмалар берді.

Су пайдалану заңнамасының сақталуын қамту үшін уәкілетті құрылымдар тиісті бақылауды жүргізетін болады.

Түгелбай Бисен

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале