14.03.2024, 10:15
Оқылды: 122

БҚО-да параспорт қалай дамуда?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы орта қалыптастыруға мемлекет міндетті екенін атап көрсетті. Тағдырлы жандар да қоғамның бір бөлігі. Сол себепті әр адам өзінің сүйікті ісімен шұғылдануға мүмкіндік алуы керек. Кейінгі кезде елімізде параспортты дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Пара азиада, паралимпиада секілді әлем көз тіккен байрақты бәсекелерде спортшыларымыз намысты қолдан бермей, көңіл қуантар нәтижеге қол жеткізуде. Өңір параспортшылары да көпшілікті спорттағы жетістігімен тамсандыруда.  Облыста параспорт қандай деңгейде, өмірдің қиын жағдайына тап болған азаматтарды спортқа тарту мақсатында қандай шаруалар атқарылып жатқанын білмек оймен Батыс Қазақстан облысының мүгедектігі бар жандарға арналған спорт клубына бас сұқтық. Осы күні аталған мекемені белгілі палуан Әскербек Нұрмұханов басқарып отыр. 2016 жылдың 22 сәуірі күні облыс әкімдігінің қаулысы негізінде құрылған спорт клубы содан бері түрлі бұқаралық-спорттық жарыс пен оқу-жаттығу жиындарын үзбей өткізіп келеді.

аскербек

- Ресми дерек бойынша бүгінде облысымызда 24 мыңнан астам мүгедек бар. Клубта 226 адам тұрақты түрде кәсіби деңгейде спортпен шұғылданады. Бадминтон, грек-рим күресі, дзюдо, дойбы, жеңіл атлетика, жүзу, қол күресі, отырып ойнайтын волейбол, пауэрлифтинг, садақ ату, тоғызқұмалақ, таеквондо, теннис, үстел теннисі, футзал және шахмат сияқты 16 спорт түрі бар. Клубта 16 оқытушы-жаттықтырушы қызмет етеді, – деді Әскербек  Бақытжанұлы.

Клуб спортшылардың шеберлігін шыңдап қана қоймайды. Бапкерлердің сапалық құрамы мықты болғанына аса мән береді. Бұл жерде екі Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы қызмет етеді. Оның бірі Ербол Мерғалиев болса, екіншісі – Азон Шаймарданов. Одан бөлек төрт жаттықтырушы жоғары, тағы төрт жаттықтырушы – бірінші санат иегері. Екі бапкер екінші санатты жаттықтырушы. Маман тарту, оларға жаттықтырудың қыр-сырын үйретуді де клуб басшылығы естен шығармайды. Жұмысқа жаңадан қабылданған жас мамандар алдыңғы буын бапкерлерімен тізе қосып жұмыстанады.

параспорт (3)

Бұл жерде жаттығатын 226 спортшының 82-сінің тірек-қимыл аппараты зақымдалған, 33-інің көз мүкісі бар. 84 спортшының есту қабілеті төмен, 27-сі  - зерде  бұзылысы бар спортшы.  Осы 226 спортшының 55-і 18 жасқа дейінгі оқушы, - деді  Әскербек  Бақытжанұлы.

параспорт (8)

         Облыс параспортшыларының басын қосқан клубтың 58 спортшысы Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасының сапына тіркелген.  Сегіз  спортшы Қазақстан Республикасының ұлттық штаттық команда құрамында. Олар спортшы-нұсқаушы ретінде республикалық бюджет есебінен еңбекақы алады. Тынымсыз еңбек етіп, құрама ұсынған айлыққа пара таеквондошылар Мәлік Мұқашев, Мәриям Сәлімгереева мен пара дзюдошылар Талғат Әжіғалиев, Рустам Мамбетқұлов, сурдо дзюдошылар Дина Ержанова (2022 жылы Бразилияда өткен сурдолтипиада ойындарының жүлдегері). Анастасия Тимошенкова, сурдо қол күрес шебері Анастасия Сламихина және пара каратэші Назгүл Ізмағамбетова қол жеткізді. Сонымен қатар 39 спортшы саладағы нәтижелеріне сәйкес, облыс әкімдігі тағайындаған ай сайынғы ақшалай стипендия алып отыр. Бұл, сөз жоқ, спортшыларға мемлекет тарапынан көрсетілетін үлкен қолдау десек, артық айтқанымыз емес.

параспорт (5)

Клубта тіркелген 226 спортшының арасынан бір адам Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спортшысы, 11 адам халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 15 адам Қазақстан Республикасының спорт шебері атанған. Былтырдың өзінде клуб сапында жаттығатын үш спортшы әлем чемпионы, үш адам Азия чемпионы, екі адам жазғы пара Азия ойындарының қола жүлдегерлері атанып үлгерді. Бұл – жаттықтырушылар  мен спортшылардың аянбай еңбек еткен маңдай терлерінің жемісі екені даусыз.

Параспортшылардың шеберлігін шыңдап, олардың тәжірибе жинақтауына жағдай жасау үшін былтыр облысымызда пара таеквондодан Қазақстан Республикасының кубогі, сурдодзюдодан жастар арасындағы ҚР чемпионаты, сурдофутзалдан әйелдер арасында ҚР  чемпионаты, үлкен футболдан есту органдары зақымданған спортшылар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өткізілді. Параспорт бәсекелерін өткізуге Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Орал қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімі үлкен қолдау көрсеткен.

параспорт (4)

- Биыл басты бәсекесі Парижде өтетін жазғы паралимпиада ойындарына қатысуға өңірімізден екі спортшы үмітті. Олар – пара дзюдошы Рустам Мәмбетқұлов пен пара таэквондошы Мәриям Сәлімгереева. Олар лицензиялық турнирлерге дайындалып жүр. Бәрі жақсы болса, әр турнирден паралимпиадалық ұпайларды жинайды деген сенім бар. Қос спортшымыз облысымыздан шыққан паралимпиада ойындарына тұңғыш қатысушылар болып тарихқа есімдері енетініне үміттіміз, – дейді клуб басшысы Әскербек Нұрмұханов.

Сонымен қатар биыл облыс пара спортшылары  көптен күткен мүмкіндікті шектеулі жандарға арналған мамандандырылған спорт кешенінің құрылысы басталады. Бұл құрылыс елімізге белгілі меценат, «Фридомфинанс» компаниялар тобының басқарушысы Тимур Турловтың жеке қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Спорт клубы тек Орал қаласы мен оның маңындағы  ауылдардағы тұрғындардың алаңсыз жаттығуына жағдай жасайды деген пікір бар қоғамда. Бірақ клуб басшысы Әскербек Нұрмұханов оны жоққа шығарды. Өйткені мүмкіндігі шектеулі жандарды спортқа тарту ісі соңғы уақытта жақсы жолға қойылған. Жыл бойы барлық санаттағы мүгедегі бар спортшылар арасында облыстық жарыстар ұйымдастырылады. Сол сындарда жақсы өнер көрсетіп, бапкерлердің көзіне іліккен спортшылар республикалық жарысқа баруға жолдама иеленеді.

параспорт (6)

- Өңір мықтысы атағына қол созған атлет республикалық жарысқа біздің спорт клубының есебінен тегін барады. Ал егер республикалық жарыста топ жарып жатса, халықаралық додаларға Астана қаласында орналасқан дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы мекемесі есебінен шығуға мүмкіндігі бар, – дейді Әскербек Бақытжанұлы.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілген қолдаудың арқасында Бөрлі ауданындағы Ақсу ауылының тұрғыны, көру қабілеті төмен спортшы Рустам Мәмбетқұлов талай жарысқа барып, көк Туымызды желбіретіп қайтты.

Көріп отырғанымыздай, денсаулығым жарамайды деп қол қусырудың қажеті жоқ. Еңбек еткен әр адам өзінің сүйікті ісімен шұғылдана алады. Елімізде оған барлық мүмкіндік бар. Бұл сөзді зейнет жасындағы Мария Гречкосеева да растап отыр. Сал ауруына шалдыққан қызын аталмыш клубқа алып келген Мария әжей спортқа бет бұрғалы Лариса атты қызының жағдайы әлдеқалай жақсарып қалғанын айтады.

параспорт (7)

- Осыдан бірнеше жыл бұрын қызымды кезекті тексеріске апарғанымда дәрігерлер тенниске апаруға кеңес берді. Шынымды айтсам, мүмкіндігі шектеулі жандарды спортқа баулитын клубтың бар екенін білмедім. Бірақ дәрігерлер берген мекенжайға келдік. Содан бері қызым бір рет те жаттығуын қалдырған жоқ, – дейді кейуана.

Мария Гречкосееваның айтуынша, үстел теннисімен айналыса бастағалы қызы Лариса үйде еден жуу, бөлмелерді шаңсорғышпен тазалау сияқты жұмысты өздігінен атқаратын болған.

– Қызым спортты жанына серік еткелі қимылы ширады. Денсаулығы да, көңіл күйі де жақсарды. Бұрынғыдай үнемі қасында жүрмеймін. Ол жаттығудан босаған кезде дәріханаға, не базарға барып қордаланып қалған шаруаларымды жасап алатын уақыт пайда болды, - дейді  Мария апай.

Осы күні Лариса мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасындағы жарыстардың тұрақты қатысушысы ғана емес, жеңімпазы атанып үлгерген. Ақтөбе қаласында өткен ел чемпионатында қола жүлдеге ие болған. Жалпы пара үстелтеннисшілердің жетістігі жаман емес. Лариса ҚР спорт шеберлігіне үміткер атағын орындаған. Одан бөлек Нұралы Жаханәлиев, Гүлмира Батпақұлова сынды спортшылар спорт шеберлігіне үміткер, спорт шебері атағын иеленіп үлгерген.

- Облыстық мәслихат депутаты Гүлмира Батпақұлова  - пара үстелтеннисінен  өңірден шыққан алғашқы ел чемпионы. Біздің клубта бір спорт шебері, бес спорт шеберлігіне үміткер бар. Мұнымен тоқтап қалмаймыз, – дейді бапкер Абат Әжіғалиев.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамға бейімделуіне, сүйікті ісімен айналысуына ел Үкіметі барынша қолдау білдіріп келеді. Қазіргі таңда облыс әкімдігі пара спортшыларға ай сайын арнайы стипендия төлеп отыр. Ел чемпионаты, халықаралық жарыстар мен Азия, әлем чемпионаттарының жүлдегерлері мен жеңімпаздарына жарыс деңгейіне сәйкес стипендия қаражаты да өседі.

Әлі күнге дейін қаланың әр бұрышындағы спортзалдарды жалға алып отырған клуб мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт кешені ашылған соң, жетістіктер де, жаттығуға арналған жағдай да жақсы жағына өзгеретініне сенімді. Жоғарыда аталған спорт түрлерінен бөлек, отырып ойнайтын волейбол, бадминтон және сурдофутзал сияқты спорт түрлері де өңірде жақсы жолға қойылған.

Әсіресе, құлақ мүкісі бар футзалшылардың жетістігі бір төбе. Аружан Сабыржанова, Сәлима Бақытова, Шұғыла Алтаева, Анастасия Сламихина сияқты жас футзалшылар Қазақстан жастар құрамасына іліккен. Осы кезге дейін екі оқу-жаттығу жиынын өткізген сурдофутзалшылар әлем чемпионатына дайындалуда.

Облыс орталығындағы параспорттың жағдайы барынша жасалуда. Бірақ аудандар мен ауылдық жердегілер тағдырлы жандарда мұндай мүмкіндік бар деу қиын. Тек Ақжайық пен Бөрлі ауданы ғана мүмкіндігінше параспортшыларды баптап, оларға жағдай істеп отыр. Соңғы кездері Сырым ауданы да осы мәселеге мықтап кірісіп жатыр. Осы күні мүмкіндігі шектеулі жандарды спортқа баулитын әдіскер бекіткен сырымдық атқамінерлер болашақта аудандағы тағдырлы жандардың спортпен айналысуына жағдай туғызбақшы.

- Биыл ауданда алғаш рет мүмкіндігі шектеулі спортшыларға арналған орталық ашылғалы жатыр. Мен сол жерге әдіскер болып орналастым. Қазіргі таңда біздің елге қай спорт түрін таңдаған ыңғайлы, неден бастаған дұрыс соның барлығын саралап, нақты шешімін шығарамыз, – деді Сырым ауданынан келген Ерген Боранқұлов.

Көріп тұрғанымыздай,  пара спорттың жағдайы жаман емес. Тек қажетті қолдау болса, болғаны. Мүмкіндігі шектеулі спортшыларды таситын ыңғайлы көлік алынса, тіптен керемет болар еді. Өйткені сау адамның өзіне ыңғайсыз саналатын «ГАЗельмен» пара спортшыларды тасымалдау ыңғайсыздық тудырады.

Түгелбай  Бисен,

«Орал  өңірі»

P.S. Спортпен шұғылданғысы келетін мүмкіндігі шектеулі жандар Орал қаласындағы Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, 243Н ғимаратында орналасқан клубқа жолыға алады. Қосымша ақпаратты 8(7112) 30-01-57 телефонынан алуға болады.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале