«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы бюджеттік жобаларды жүзеге асыру аясында Батыс Қазақстан облысында ұзындығы 71,2 шақырымды құрайтын республикалық маңызы бар «Подстепный-Федоров» автомобиль жолын қайта жаңарту жұмысын жүргізіп жатыр. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Қайта жаңарту жобасы екі учаскені қамтиды: 0-36 шақырым және 108-144 шақырым.
Жалпы ұзындығы 71,2 шақырымды құрайтын автожолдың 13,8 шақырымына үстіңгі қабатта қиыршық тасты-мастикалық асфальт төселсе, ал 48,5 шақырымында төменгі қабатта ірі түйіршікті тығыз асфальтбетон төселді.
Негізгі көлік қозғалысы жолдың 36-шақырымында ашық (жабынның төменгі қабаты бойынша).
Қазіргі таңда жол төсемінің құрылымдық қабаттарын салу, жасанды құрылыс нысандарын (көпірлер, көлік қиылыстары, құбырлар) соғу жұмыстары атқарылып жатыр. Сондай-ақ 100 мың тоннадан аса қиыршық тас, 140 мың тоннадан аса құм мен қиыршық тас қоспасы, 6 мың тоннадан аса битум мен 1,44 мың м3 темірбетон бұйымдары секілді жол-құрылыс материалдары әзірленді.
Көктемдегі су тасқынынан кейін жол элементтері қайтадан қалыпқа келтіріліп жатыр.
Жобада үш көлік айрығын, екі көпір мен 80 су өткізгіш құбыр соғу қарастырылған.
Учаскелерге 180 бірлік жол-құрылыс техникасы, 200-ден аса жұмысшы, екі асфальтбетон зауыты мен екі топырақ араластырғыш зауыт жұмылдырылды.
«Подстепный-Федоров» автожолын қайта жаңарту жұмысын 2025 жылдың ІІІ тоқсанына дейін аяқтау жоспарланған.