26.08.2020, 17:27
Оқылды: 42

БҚО-да праймеризге 387 үміткер өтініш берді

«Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаев журналистермен праймериз, яғни партия ішіндегі сайлауға байланысты брифинг өткізді.

Murat

Ол былтыр 21 тамыздағы өткен «Nur Otan» партиясының кеңейтілген Саяси Кеңесінің отырысында партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес биыл праймериздің басталғанын, партия ішіндегі сайлау 5 кезеңнен тұратынын, 17 тамызға дейін бірінші кезеңнен, яғни дайындық жұмыстары уақытынан өткенін, 17 тамыздан бастап, 28 тамызға дейін үміткерлердің, праймеризге қатысушылардың ұсыныстары мен тіркеу жұмыстарының жүргізіліп жатқанын, 29 тамызда тіркеу аяқталатынын, содан кейін 31 тамыздан 6 қыркүйек аралығында үгіт-насихат жұмыстарына дайындық басталатынын, ал 7 қыркүйектен бастап, 3 қазанға дейін негізгі үгіт-насихат жұмыстарының жүргізілетінін баяндады.

– Үгіт-насихат жұмыстары онлайн және дәстүрлі түрде жүргізіледі. Барлық үміткерлердің қатысуымен пікір сайыс ашық түрде өтеді. Депутаттық мандатқа шаққанда бір орынға 3 үміткерден келіп тұр. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Биылғы науқанда праймеризге қатысамын деген үміткерлерді тіркеуде  қазірдің өзінде облыс бойынша 387 үміткер өтініш берді. Соның ішінде жастар мен әйелдердің белсенділігі жоғары. Мысалы, үміткерлер арасында әйел азаматшалардың саны 145 немесе 40 пайыз, 35 жасқа дейінгі жастар өкілдерінің ішінде үміткерлер 122 адам, яғни 32 пайыз құрады.  Әйелдер арасында көп балалы 12 ана бар. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі 8 азамат өтініш берді. Олармен қоса ауған ардагері және бір оралман бар. Айта кету керек, құжаттарын тапсырған үміткерлердің ішінде 23-і депутат, қалған үміткерлер алғаш рет қатысуда.

Облыс бойынша барлық партия мүшелерінің саны 27 мың 922 адамға нақтыланды. Олар 235 бастауыш партия ұйымында біріккен. Праймеризге 12 аудандық және 1 қалалық партия филиалы бойынша 142 дауыс беретін сайлау учаскесі белгіленді. Сонымен қатар праймериз кезінде пікір талас өткізілетін 52 орын болады. Сондай-ақ дауыс берудің форматы анықталып отыр. Оның біріншісі онлайн дауыс 83 орын болса, екіншісі 59 орынға арналған дәстүрлі, қағаз жүзіндегі бюллетеньдер дайындалады. Онлайн форматта дауыс беруге қазір дайындық жұмыстары жүргізілуде. Праймериз ақпараттық жүйесі бойынша 85 пайыз сайлаушылар онлайн, 15 пайызы офлайн, қағаз түрінде дауыс береді. Соңғы тәсіл интернет жүйесі нашар шағын елді мекендерде жүзеге асады. Облыс бойынша 14 облыстық, аудандық және қалалық ұйымдастыру комитеттері, 142 учаскелік есеп комиссиялары құрылды. Үміткерлердің құжаттарын аумақтық ұйымдастыру комитеттері қабылдауда. Әзірше ешқандай шағым тіркелмеді.Праймеризге қатысты әр ауданда барлық шағымды жедел және объективті қарау, олар бойынша қажетті шешімдер қабылдау мақсатында арнайы партиялық бақылау комссиялары құрылды,–деді ол.

Жиын соңында Мұрат Рахметұлы журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар берді.

Нұрымбек Жапақов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале