7.06.2022, 21:01
Оқылды: 49

БҚО-да прокуратура 14 мыңдай кәсіпкердің құқығын қорғаған

Бұл туралы бүгін өткен «Бизнесті бірге қолдайық» форумында айтылды. Форум жұмысына БҚО әкімі Ғали Есқалиев, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл (бизнес-омбудсмен) Рустам Жүрсінов, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасы төрағасының орынбасары Ербол Өстеміров және бизнес-қоғамдастықтың өкілдері қатысты. Форум  БҚО прокуроры  Жандос Өмірәлиевтің төрағалығымен өтті.

4

Экономиканың қозғаушы күші – бизнес. Бизнестің кедергісіз дамуы халықтың әл - ауқатының артуына әкеледі. Сондықтан да Қазақстан жылдан-жылға елде бизнес үшін қолайлы жағдай жасауға тырысып жатыр.

Бірақ бәрі біз ойлағандай емес. Форумда сөз алған БҚО әкімі Ғали Есқалиев кейбір қиындықтарды тек құқық қорғау органдарының араласуымен шешу мүмкін екендігін атап өтті. Бұл сөзді БҚО прокурорының орынбасары М.Н.Сәрпеков те қуаттады. Атап айтсақ, қалалық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы бір кәсіпорынға әртүрлі мәселемен 13 түрлі тексеріс жүргізуді жоспарлаған. Ал облыстық төтенше жағдайлар департаменті 7 кәсіпкерлік нысанын жоғары қауіп туғызатын нысандар қатарына енгізіп, тексеріс жүргізбекші болған. Прокурорлық талдау нәтижесі бойынша ол нысандар орташа қауіптілік денгейлі екендігі анықталып, тексерістің жолы кесілген.

2021 жылдың басынан бүгінгі күнге дейін 14 мыңдай кәсіпкердің құқығы қорғалған. Кәсіпкерлердің басында кездесетін ең күрделі мәселе - жерді жалға алу барысы. Былтырдан бері 60 кәсіпкердің жерді жалға алу мерзімі ұзартылып, созылған дауға нүкте қойылған.

Бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау маңызды. Ол үшін барлық кәсіпкерлерге тиісті қолжетімді мемлекеттік қызметтер, субсидия, кредит беру мәселесі оңынан шешілуі керек. Сонымен бірге жаңадан кәсіпті бастаймын дегендерге әкімшілік кедергілер болмауы тиіс деді жиынға қатысушылар.

Форум соңында кәсіпкерлік нысандарын толғандырған сұрақтар талданып, пікірлер айтылды.

Форум жұмысы атқарушы орган мен құқық қорғау органдарының және "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының қатысуымен жол картасына қол қоюмен аяқталды.

"Жайық Пресс" Ақпарат агенттігі 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале