28.09.2023, 17:00
Оқылды: 51

БҚО-да сарып ауруының 29 жағдайы тіркелген

Сарып – жануардан адамдарға берілетін зооноздық жұқпалы ауру. 

Батыс Қазақстан облысында 8 айда тұрғындар арасында сарып індетінің 29 жағдайы тіркелді. Ақжайықта – 14, Жаңақалада - 2, Тасқалада - 2, Теректіде - 3, Шыңғырлауда – 6 және Оралда - 2 жағдай анықталған. Былтырғы жылмен салыстырғанда үш көрсеткішке төмендеп отыр.

the-syringe-1291129_640

Фото: pixabay

Қоздырғышы бруцелла сыртқы ортаға төзімді ең ұсақ микроорганизм. Мәселен, бруцеллалар әдеттегі температурада шикі сүтте 10 күннен 18 күнге дейін, мұздатылған етте – 47 күннен аса, жүнде – 4 айға дейін, ағынды суда – 12 күнге дейін, топырақта және қида - 4 айға дейін сақталады. Дезинфекциялық ерітінділерге және жоғары температураның әсерлерінен бруцеллез қоздырғыштары тез өледі.

Сарып жұқпасы қоздырғышының көптеген түрі бар. Адамдар үшін ұсақ және ірі қара мал, сондай-ақ шошқа қауіпті.

Олардың ішінде ұсақ мүйізді мал көбінесе адамдарда жұқпа барысы ауыр өтетін эпидемиялық таралудың себебі болып саналады.

Сарып ауруы адамнан сау адамға берілмейді. Адамдар сарып індетін ауру малдарға күтім жасағанда, түсік тастаған малдың материалдарын ұстағанда, ауру малды сойғанда, шикізатын өңдегенде, шикі күйінде немесе жеткілікті дәрежеде қайнатылмаған өнімдерін тұтынған кезде алдын алу шараларын сақтамағанда жұқтырады.

Сарып қоздырғышы ағзаға түскеннен кейін адам бірден сарып індетімен ауырмайды. Жасырын кезеңнің ұзақтығы 1-3 апта. Бірақ кейбір жағдайларда ол бірнеше айға дейін созылуы мүмкін. Бруцеллездің ең ауыр түрі қой-ешкі бруцелласын жұқтырғанда байқалады.

Бұл ауру ағзаның кез келген мүшесіне әсер етуі мүмкін. Ауру әдетте біртіндеп басталып, жалпы әлсіздік, бұлшықет ауыруы, тәбеттің жоғалуы, тершеңдік, жұмысқа қабілеттің төмендеуі байқалады. Көп ұзамай бұл белгілер күшейіп, дене қызуы 39-40оС дейін көтеріледі. Бас ауруы, буындардың қақсап ауыруы, әлсіздік пайда болады. Жүкті әйелдерде түсік тастау немесе ерте босануы мүмкін.

Адамдарда бұл ауру ұзаққа созылып, асқынып, мүгедектікке әкелуі ықтимал. Сарып індеті емделеді. Тек дер кезінде ауруды анықтау қажет. Бұл жедел бруцеллездің созылмалы кезеңге өтуіне жол бермейді.

Әр адам сарып індетінің алғашқы белгілері байқалысымен тез арада дәрігерге жүгінуі қажет.

Жеке иеліктегі малдан сарып індетін жұқтыру мүмкіншілігін ескеріп, мал қожайындары сарып індетінің алдын алудың негізгі ережелерін білуі және оларды қатаң орындауы тиіс, атап айтқанда:

- ұсақ және ірі қара малдармен жұмыс істегенде жеке бастың тазалық ережелерін сақтауы;

- малдарға күтім жасау жұмысының барлық түрін арнайы киіммен жүргізу;

- арнайы киімді үй киімімен  бірге тұрғын үйде және тамақтану бөлмесінде сақтамау;

- арнайы киімді аптасына бір рет (лас жұмыстарды орындағанда жиі) залалсыздандыру және жуу;

- малдарды күтуде лас жұмыстарды орындағаннан кейін қолды сабынмен және залалсыздандыру ерітіндісімен жуу;

- жыл сайын малдарды тексеруден өткізу;

- мал дәрігерінің рұқсатынсыз ет, сүт сатуға тиым салу;

- сарып індетімен ауырған  малдарды  сою ережелерін сақтау;

- базардан жеке адамдардан мал сатып алғанда малдәрігерінің рұқсат қағазын талап ету;

- жануарларда түсік тастау, өлі төлінің тууы туралы жағдайларын ветеринариялық мамандарға хабарлау;

- ет және сүт өнімдерін қатаң белгіленген орындардан алу (базарлар, дүкендер, үлкен сауда нүктелері) қажет.

Гулмира Кажушева,

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің Аса қауіпті инфекцияларды және туберкулезді эпид қадағалау бөлімінің басшысы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале