13.05.2024, 12:00
Оқылды: 74

БҚО-да сенімгерлік басқаруға берілген спорт мектебінің есепшісі 50 миллион ақша жымқырған

БҚО бойынша сенімгерлік басқаруға берілген нысандарға жүргізілген тексеріс нәтижесі көңіл көншітпейді. Мұны БҚО Тексеру комиссиясының өкілдері айтып отыр. Бір сөзбен айтқанда сенімгерлік басқару сенімді ақтамай тұр.

Ақша JP

Сенімгерлік басқаруға берілген мекемелерге тексеріс жүргізген тексеру комиссиясының өкілдері бірнеше заң бұзушылықты анықтаған.

Тіпті сенімгерлік басқаруға берілген мекеменің  есепшісі қаржы жымқырған факті де болған.

БҚО-дағы Ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі 2020 жылы «SAYAT» этнотуристік орталығына сенімгерлік басқаруға беріледі. Бірақ бұл мекемені сенімгерлік басқаруға беру оң нәтиже көрсетпеген.

- Атап айтсақ біздің облыстағы ұлттық спорт түрлерінің дамуына айтарлықтай үлес қосылған жоқ, спортшылар шеберлігін шыңдайтын үлкен додаларға жіберілмеген, кәсіпкер бұл спорт мектебіне айтарлықтай инвестиция да құймаған. Бұған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының сенімгерлік басқаруға беру кезіндегі жұмыстың сапасыз жүргізілгені себеп болып отыр. Бұл аздай мекемеге 2023 жылы тексеріс жүргізген комиссия есепшінің 50 миллион бюджет ақшасын жымқырғанын анықтады. Бұл өз кезегінде бақылаушы ұйымның уақытында бақылау жүргізбегенінен болып отыр, - дейді облыстық тексеру комиссиясыны ңмүшесі Қайрат Жапақов.

Оралдағы №4  емхана 2017 жылы сенімгерлік басқаруға берілген. Мемлекеттік мекемені 2017 жылы сенімгерлік басқаруға алған «Айгелов Марат Абаевич» жеке кәсіпкерлігінің жетекешісінің ешқандай медициналық білімі жоқ екендігі анықталыпты. Бірақ кезінде 2017 жылы осы емхананы сенімгерлік басқаруға алатын кәсіпкердің жоғары медициналық білімі болуы керек және осы салада тәжірибесі бар адам болуы керек деген талап болыпты. Бірақ жеме жемге келгенде БҚО Денсаулық сақтау басқармасы бұл талаптарға өздері көз жұмып медициналық білімі жоқ, бұл салада қызмет атқармаған жеке кәсіпкер «Айгелов Марат Абаевич» дегенге емхананы сенімгерлік басқаруға беріп жіберген. Келісім шарт 2017-2024 жылдың тамызына дейін деп жасалған. Жоғарыдағы кемшілікті облыстық тексеру комиссиясы анықтаған. Комиссия анықтап отырған бұл жалғыз олқылық емес.

Біріншіден, сенімгерлік басқаруға берілетін кәсіпкерге қойылатын талаптар нақты емес. Мәселен ол 7 жылда қанша инвестиция құю керек, нақты қандай жұмыс жасауға міндеттелді деген секілді талаптар бұлыңғыр, екі ұшты көрсетілген. Тараптардың келісімшартында нақтылық жоқ. Мәселен, электронды саудаға түскен №4  емхананы алайық. Басында облыстық денсаулық сақтау басқармасы жоғары білімді медициналық білімі бар адамға береміз деп хабарлайды. Бірақ тендер қорытындысында ешқандай медициналық білімі жоқ кәсіпкерге емхананы беріп отыр. Емхананы сенімгерлік басқаруға алған азамат кейін сол емхананың бұрынғы директорын қайтадан басшылық қызмекте қоя салған. Біз осы емханаға жүргізілген тексеріс нәтижесінде емхананы сенімгерлік басқаруға алған кәсіпкердің өзіне 114,7 миллион теңге сыйақы тағайындағанын анықтадық. Осыны ескере отырып, емхананы оданда мемлекет басқаруында қалдырған дұрыс еді дегіміз келеді, - дейді БҚО Тексеру комиссиясының мүшесі Қайрат Жапақов.

БҚО Тексеру комиссиясының мүшесі Қайрат Жапақовтың айтуынша емхананы сенімгерлік басқаруға бермеген жағдайда осы 114,7 миллион теңге біреудің қалтасына кетпейтін еді.

  • Бұл ақшаны емхананың техникалық базасын жақсартуға жұмсауға болатын еді, - дейді БҚО Тексеру комиссиясының мүшесі Қайрат Жапақов.

Оралдағы №4 емхана сенімгерлік басқаруға 2017 жылы 7 жылға беріліпті. Сенімгерлік басқарудың мерзімі осы жылдың тамыз айында аяқталуы тиіс.

Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылы БҚО Денсаулық сақтау басқармасын Қанат Төсекбаев басқарып тұрған кездер еді.

Жалпы тексеру комиссиясы сенімгерлік басқарудың басқа да талаптары орындалмай отырғанын айтады.

Ең өкініштісі талаптардың келісімшарт жасау сәттері өте бұлыңғыр дейді. Мәселен, осы емхананы кәсіпкерге берерде келісімшартта алғашқы үш жылда емханаға қажетті медициналық құралдар алынуы тиіс деп көрсетіліпті.

Қайрат Жапақовтың айтуынша, келісімшартта нақты қандай медициналық аппарат алынуы керектігі, оны қай ақшаға алу қажеттігі көрсетілмеген. Мәселен кәсіпкер медициналық құрылғыны сенімгерлік басқарудағы өз бюджетіне алуы тиіс пе әлде ол үшін мемлекеттің бюджеті жұмсалуы тиіс пе, осы тұстары нақты көрсетілмеген.

Айналып келгенде тексеріс кезінде емхананы сенімгерлік басқаруға алған азамат 2017 жылы бюджет есебінен алынған қымбат медициналық құрылғыны комиссияға көрсетіп құтылған.

- Тексеріс кезінде емхананы сенімгерлік басқаруға алған азаматтың тұтынушыларға қажетті жағдайды да жасамағаны анықталды. Мәселен 2020 жылдан бері дәлізде емханаға келушілерге арналған ауыз су қойылмаған. Ал емхана қызметкерлері мен келушілерге арналған буфет 2021 жылдан бері жұмыс істемейді. Сонымен қатар жеке кәсіпкер «Айгелов Марат Абаевич» емхана алаңына балалар алаңын орнату туралы  және Wi-Fi орнату туралы келісімшартта көрсетілген қызметтерді орындамай отыр. Ең қиыны осы келісімшарттардың орындалуын бақылауы тиіс мекемелердің өздері осыған жүрдім-бардым қарап отыр, - деп атап өтті БҚО Тексеру комиссиясынң мүшесі Қайрат Жапақов.

Мұндай былықтар білім беру саласындағы, спорттағы сенімгерлік басқаруға берілген нысандарда да кездеседі дейді Тексеру комиссиясының өкілдері.

Атап айтсақ, Оралдағы «Шапағат» мекемесі, БҚО индустриялдық колледжі және Жаңа технологиялар және сервис колледждерін сенімгерлік басқаруға алғандар қажетті талаптарды орындамай отырған көрінеді. Сөз реті келгенде айта кетейік жалпы облыста 2016-2023 жылдары 49 мекеме сенімгерлік басқаруға беріліпті. Мұның ішінде 14 мекеме кейін сатып алу құқығымен жекеге берілген. Сенімгерлік басқаруға берілген 19 мекемемен жасалған келісім шарттар уақытынан бұрын тоқтатылған. Бұған себеп мемлекеттік мекемені сенімгерлік басқаруға алған кәсіпкер қаржылық қиындықтарға байланысты мемлекет қойған талаптарды орындай алмауы себепті келісімдер бұзылған.

Оралдағы «Шапағат» мекемесін алайық. Бұл мекемені сенімгерлік басқаруға бергенде облыстық білім басқармасы кәсіпкер ол жерге мектеп тұрғызуы керек деген келісімшартпен берген. Электронды сауда нәтижесіне сәйкес Шапағат мекемесін «РФМШ №31» ЖШС 2021 жылы сенімгерлік басқаруға алады.

Келісімшартқа сәйкес кәсіпкер бұл мекемені жалпы білім беретін мектепке ыңғайлауы тиіс болған. Бұдан бөлек кәсіпкер осы алаңда футбол, волейбол, баскетбол ойнайтын сапалы, заманауи алаңдар салуы тиіс екен.

- Бұл жерде де келісімшарт өте бұлыңғыр. Кәсіпкер мұны қай кезде жасауы тиіс. Футбол алаңы нақты қандай болуы керек, жарық түсіретін орындар қарастырыла ма, қанша адам футбол ойнайтын алаң болуы тиіс. Мұның бірі де көрсетілмей отыр. Сондықтан да біз комиссия жасалған жұмысқа нақты баға бере алмай отырмыз. Ең қызығы осы екі қабатты ғимаратты «РФМШ №31» ЖШС  қаладағы №23 мектепке жалға беріп қойған. Қазір ол жерде сол мектептің бастауыш сынып балдары оқиды. Ал, жалға алу ақысын кәсіпкерге төлейді. Сонда былай қарасаңыз БҚО Білім басқармасы алдымен мекемені сенімгерлік басқаруға кәсіпкерге береді. Кейін сол мекемені Орал қалалық білім бөлімі №23 мектептің балаларын оқыту үшін жалға алады. Мекемені жалға алу құны 64,5 миллион теңге. Енді қараңыз мемлекет өз мекемесін өзі жеке кәсіпкерден 64 миллионға жалға алып отыр. Осынша ақшаны кәсіпкерге төлеп оны жалға алғанша сол мекемені сенімгерлік басқаруға бермей мемлекет меншігінде қалдырып, сол ғимаратта балаларды оқыта берсе болмай ма,- деген ойын айтты облыстық тексеру комиссиясының мүшесі Қайрат Жапақов.

Облыстық тексеру комиссиясының өкілдері сенімгерлік басқаруға берілген барлық мекемеде осындай қитұрқы саясаттың көп екендігін айтады. Тіпті екі жақты көрсетілген келісім шарттарға көз жұмып отырған кәсіпкерлер де бар деседі. Бүгінде тексеру комиссиясы барлық тексеріс жұмысын аяқтапты. Шығарылған қорытынды облыстық прокуратураға жолданған. Енді шешімді арнайы мемлекеттік мекемелер шығарады.

Жанат Көшкінбай, 

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале