21.08.2024, 14:30
Оқылды: 167

БҚО-да шаруаларды қолдау мүмкіндігі қарастырылып жатыр

Өткен аптада облыс бойынша 2,5 млн га шабындық жерлер шабылып, қалдық шөппен қоса есептегенде 1 042,1 мың тонна шөп дайындалған. Бұл жалпы қажеттіліктің – 51,5%-ы. Орташа өнімділік гектарына 3,5 центнерден келеді. Ал биылғы мал қыстағына  кіруге жоспарланып отырған 1 млн 66 мың шартты мал басына 2 млн 23 мың тонна шөп, 233 мың тонна жем, қосымша 11 мың тонна сүрлем, 9 мың тонна пішендеме дайындау қажет. Қазір былтырдан қалған 148 мың тонна шөп бар.

56CA248E-FE38-4AA7-A9CB-D6F69354FE47

– Биылғы көктемдегі күн-нің салқындығы және киік санының шамадан тыс артуының салдарынан Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарында қажетті көлемде мал азығын дайындауда қиындық туындап отыр. Бүгінгі таңда Бөкей ордасы ауданы бойынша қыстаққа қажетті 188,1 мың тоннаның 54,3 мың тоннасы немесе 28,9%-ы дайындалды. Жәнібек ауданында 153,6 мың тонна шөптің 47,9 мың тоннасы немесе 31,2%-ы әзірленді. Осыған орай қалыптасқан төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында Бөкей ордасы және Жәнібек ауданы әкімдіктері табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялады.

Аталған аудандарға қолданыстағы мал шаруашылығын субсидиялау қағидаларына сәйкес агроқұрылымдарға ауыл шаруашылығы жануарларының азығына жұмсалған шығындар құнын арзандатуды субсидиялау жоспарлануда. Есептемелер бойынша 2 ауданның 73,7 мың ірі қара аналығын, 64,7 мың қой аналығын және 30,9 мың бас жылқы аналығын қамту жоспарланып отыр. Қажетті қаражат көлемі – 2 132 млн теңге, - деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.  

Баяндамада мәлім болғандай, жеке қосалқы шаруашылықтардың мал азығын тасымалдау шығындарын өтеу жоспарлануда. Аталған аудандардағы тұрғындарға  41,6 мың тонна жем-шөп тасымалдау қажет. Мал азығымен толық қамту үшін 798,8 млн теңге қаражат есептелген. Оңтүстік аудандарды мал азығымен қамтамасыз ету үшін өзге аудандардың күшімен  40,0 мың орамашөп қоры дайындалды. Сондай-ақ орман шаруашылығы мекемелері жеке қосалқы шаруашылықтардың малы үшін 560 бумашөп әзірлеген.

«Мал-азықтық және шабындық, жайылымдық жерлерді киіктен электронды бақташылардың көмегімен қорғау мүмкін болмай отыр. Бірқатар шаруалардың тәжірибесі темір сеткалармен қоршаудың тиімді екенін көрсетті. Сондықтан осы әдісті субсидиялау бойынша салалық министрлікке ұсыныс берілді. Салалық министрлік тарапынан инвестициялық салымдарды субсидиялау қағидасына сәйкес шығындарды 50%-ға дейін ішінара өтеу бойынша өзгеріс енгізу шаралары қабылдануда. Қаржылық институттармен бірге төтенше жағдай жарияланған аумақта орналасқан ауыл шаруашылығы құрылымдарының несие мен лизингтік келісімшарттары бойынша несиенің  төлеу  мерзімін  ұзарту мәселесі де қарастырылып отыр», - деді басқарма басшысы Жасұлан Жолдыбайұлы.

Ясипа Рабаева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале