5.12.2025, 12:45
Оқылды: 6

БҚО-да соңғы 3 жылда есірткіге қатысты 50-ге жуық жас қылмыстық жауапкершілікке тартылды

 Батыс Қазақстан облысында жастардың есірткімен айналысуы алаңдатып отыр, - деп жазады Kazinform.

ЖП полиция базар
Фото: сайт архивінен

БҚО прокурорының орынбасары Азамат Құстановтың мәлім еткеніндей, соңғы үш жылда 14-22 жас аралығындағы 49 жас (2023 жылы — 13, 2024 жылы — 16, 2025 жылы — 20) қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Азамат Боранбайұлының сөзіне қарағанда, соның ішінде 39-ы есірткі сақтағаны, 10-ы сатқаны үшін істі болды. 35-іне айыптау үкімі шығарылды.

— Мысалы, биыл Орал қалалық сотының үкімімен аса ірі көлемде психотроптық заттарды сатумен айналысқан 10-сынып оқушысы жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Жасөспірімнің өзі де есірткіні үнемі тұтынған, — деді А.Құстанов.

Оның айтуынша, жыл басынан бері есірткі жасырумен айналысқан 35 адам ұсталса, соның 15-і — 22 жасқа дейінгілер. Үшеуі — кәмелетке толмағандар.

— Есірткі жасыратындар жөнінде тоқтала кетейін. Бұлар — интернет-платформа, әсіресе, анонимді мессенджерлер мен Telegram арналары арқылы жасырын түрде есірткі немесе психотропты заттарды тарататын, белгілі бір жерлерде қалдыратын адамдар. Көбінесе мұны жастар, соның ішінде, кәмелетке толмағандар жасайды. Жеңіл ақшаға ұмтылып, мұның артында ауыр қылмыс тұрғанын түсінбейді. Мұндай әрекеттер үшін 5 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, — деді БҚО прокурорының орынбасары.

Прокуратура мәліметі бойынша есірткі бизнесіне және алаяқтыққа байланысты қаржылық операцияларға қатысатын дропперлер де қазіргі кезде қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Дропперлер дегеніміз — басқа адамдарға олардың өтініші бойынша банктік шоттарын, деректемелерін немесе жеке мәліметтерін беретіндер.

Биылғы 16 шілдеде Мемлекет басшысы заңнамаға өзгерістер енгізу туралы заңға қол қойды. Осыған байланысты Қылмыстық кодекске алғаш рет банктік шоттарын үшінші тұлғаларға бергені үшін қылмыстық жауапкершілікті қарастыратын 232-1-бап енгізілді.

— Бұрын мұндай әрекеттер үшін жауапкершілік болмаған. Енді жаңа баптың енгізілуіне байланысты дропперлер бөлек қылмыстық жауапкершілікке тартылады және мұндай әрекеттер үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сонымен қатар Азаматтық кодекске сәйкес жәбірленушілер заңсыз алынған сомаларды сот арқылы өндіре алады, — деп қосты А.Құстанов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 258 кг астам есірткі заңсыз айналымнан алынғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ аймақта тыйым салынған заттарды таратуға қатысы бар деп күдікке ілінген 17 жастағы өңір тұрғыны ұсталды.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале