«Атамекен» өнер ордасында спорт саласындағы жыл үздіктерін марапаттауға арналған салтанатты жиын өтті. Оған облыс әкімі Нариман Төреғалиев, спортшылар мен сала ардагерлері, жастар, спорт мектептерінің тәрбиеленушілері қатысты.
Биыл спорт саласында елең еткізер жаңалық көп. Екі самбошымыз әлем чемпионы, боксшыларымыз Азия чемпионаты мен жастар арасындағы әлемдік додада жеңімпаз атанса, бокстан ересектер арасындағы ел біріншілігінде екі алтын, бір қола еншіледі. Бір шаңғышымыз Италияда өтеттін жастар мен жасөспірімдер арасынлағы әлем чемпионатына жолдама жеңіп алды. Дүниежүзілік көшпенділер ойынында жерлеріміз атой салды, тоғызқұмалақшылар Азия, әлем кубогі жарыстарында жеңімпаз атанды. Бұқаралық спортты дамыту бағытында да біраз жұмыс атқарылғанын көзі қарақты көрермен біледі. Жыл басынан күні бүгінге дейін өңір спортына жауапты бөлімдер мен басқарма 3000-нан астам спорттық шара ұйымдастырған. Оған 140 мыңнан атсам адам қатысты. Сондай-ақ облыс орталығында 17 Қазақстан чемпионаты, 3 халықаралық турнир, 2 ҚР кубогі, 7 республикалық турнир өтті.
Спорт саласының жетістігіне арналған салтанатты жиында өңір басшысы облыс спортшыларының жетістігін биылғыдан да жоғары ету үшін барлық жағдай жасалатынын айтты.
- Мемлекет басшысы ұлт денсаулығын нығайту жолында бұқаралық спортты дамытуды және тұрғындарымыздың спортпен еркін шұғылдануына барынша жағдай жасау қажеттігін атап өткен болатын.
Бүгінгі күні облыста спортпен тұрақты шұғылданушылар саны 300 мыңнан асады. Спортпен жүйелі айналысатын адамдар үлесін алдағы жылдары арттыру жолында тиісті жұмыстар атқарылатын болады.
Келесі жылдан бастап ел көлемінде денешынықтыру және спорт туралы Заңға өзгерістер енгізу жоспарлануда. Осыған сәйкес, өңірімізде олимпиадалық, параолимпиадалық, сурдоолимпиадалық және Азия ойындарының бағдарламасына кіретін 60-тан спорт түрлерін дамытатын боламыз.
Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысында 31 олимпиадалық спорт түрі бар. Өңірімізде бокс, байдарка есу, шорт-трек, шаңғы, дзюдо, еркін күрес, волейбол, жеңіл атлетика және грек-рим күресі танымалдылыққа ие.
ҚР денешынықтыру мен спорт саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, жастардың, мектеп оқушылары мен студенттердің, мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалатын болады.
Облыстық спорт басқармасына саланы одан әрі дамыту бойынша арнайы Жол картасын әзірлеуді тапсырамын, - деді Нариман Төреғалиұлы.
Сондай-ақ облыс әкімі өз сөзінде келер жылы ірі ауылдарда 10 модульді спорт кешендерін салу жоспарланғанын да атап өтті. Одан бөлек «Жастар» стадионы маңынан мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт кешені салынады.
Кеш барысында Нариман Төреғалиев спорттың дамуына ерекше үлес қосқан сала үздіктерін марапаттады.
Жыл қорытындысында паракаратэден әлем, Азия чемпионы Назгүл Ізмағамбетова мен сурдодзюдодан әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия-Тынық мұхит ойындарының жүлдегері Анастисия Тимошеноко ҚР туризм және спорт министрінің алғысхатымен марапатталды.
Жиында жылдың үздік спортшысы, жаттықтырушысы, командасы, жыл серпілісі, үміт артар спортшы, үздік федерация, спортшы аудан, параспорт үздігі, жыл жаңалығы, ұлттық спорт үздігі сияқты аталым иегерлеріне арнайы сыйлық табысталды.
Түгелбай Бисен
«Орал өңірі»
Суретке түсірген: Мәди Салық, Бекзат Қанәділ