27.08.2024, 11:15
Оқылды: 162

БҚО-да су жүйелеріне қатысты жұмыс көп

«Қазсушар» РМК БҚФ суару-суландыру жүйелерінің құрамына 14 су қоймасы, төрт су торабы, бір сорғы стансасы, 50 ірі гидротехникалық имарат, жер арнасында орналасқан 1 057,66 шақырым магистральды және таратушы каналдар, төрт топтық су құбыры кіреді. Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы комитетінің «Қазсушар» ШЖҚ РМК Батыс Қазақстан филиалының қызметі, алда атқарылатын жұмыстары жайында сөз болды. БАҚ өкілдері  алдына шыққан мекеме басшысы Рауан Құсайынов тіршілік көзін реттеу, аудан-ауылдар мен қаланы сумен қамтамасыз ету жайындағы жоба-жоспарлар жөнінде әңгімеледі.

9305013B-955E-43BD-9E87-92A5725E3583

– Біздің мекеме қызметінің басты міндет-мақсаты – мемлекетаралық, облысаралық маңызы бар жүйелердің құрамына кіретін су шаруашылығы нысандарын пайдалану, күтіп-ұстау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондай-ақ филиал Бөкей ордасы, Сырым, Бәйтерек, Жаңақала аудандарына сапалы, уақтылы, үздіксіз ауыз су және облыстың жеті ауданының суармалы аумағына су береді, – деді Рауан Ерланұлы.

Өз баяндамасында филиал басшысы былтыр барлық су шаруашылығы нысандарының күзгі-қысқы мерзімге дайындығына бақылау-қадағалау жұмыстары жүргізіліп, актілері дайындалғанын айтты. Сонымен қатар Жайық-Көшім суармалы жүйесіне су беріліп, жалпы көлемі 260 млн м³ жүйенің 4 су қоймасы толтырылды. Қара және Сарыөзендерге келген мол су да жиналып, көлтабандар мен табиғи шабындықтарға, сондай-ақ су қоймалары мен көлдерді толтыруға бағытталды. Шаған су қоймасының су тастағыш имараты жабылды.

– Филиалдың су шаруашылығы жүйелері бойынша 146 мың гектардан (562,1 млн м³ су) астам көлтабандар мен табиғи шабындықтарға, соның ішінде Жайық-Көшім ССЖ бойынша – 69 мың га,  Сары-өзен жүйесі бойынша – 10,3 га, Қараөзен бойынша – 44,1 га, Киров-Шежін және Дюрино-Балықты табиғи шабындықтары – 12,5 мың га, ал Қалдығайты көлтабанды жүйесі бойынша 10 мың га су шығарылды, – деді Р. Құсайынов.

Биыл ауыл шаруашылығы, техникалық және санитарлық-экологиялық мақсаттарға жасалған келісімшарттарға сәйкес, шаруашылықаралық жүйелерден 96,01 млн м³ су берілді, соның ішінде, санитарлық-экологиялық іс-шараларға – 22,9 млн м3, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жұмыстарға 15,8 млн м3, өзге де заңды тұлғаларға – 0,132 млн м3 су жіберілген.  

Филиал басшылығы трансшекаралық Қараөзенде су тәуелділігін азайтып, тасқын суды жинау мақсатында, санитарлық-экологиялық мақсаттарға, сондай-ақ  сабалық кезеңде Киров-Шежін күретамыр (магистральдық) каналы арқылы Балықты Сокрыл су қоймасын толтыру және Жайық суын бассейнаралық қашырту мақсатында Жалпақтал су қоймасын салу қажет санайды. Бүгінгі таңда су қоймасын салуға қажетті жобалық-сметалық құжаттама жасалып, мемлекеттік сараптамадан өткізуге жолданған.

Рауан Ерланұлы аталған жобаны іске асырған жағдайда 12 000-нан астам тұрғынды сумен қамтып, 12 000 гектар алқапта көлдете суармалау алаңын ұлғайтып, мал азығы өнімділігін арттыруға болатынын тілге тиек етті. Сондай-ақ ол Ақжайық ауданы Тоған ауылы маңындағы Киров су қоймасын жаңалап-жаңғырту керек екенін де алға тартты. Бұл жоба жүзеге асса, Жайық өзенін жағалай қонған ауылдарды әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту үшін қауіпсіз жағдайлар қамтамасыз етіледі екен. Аталған нысанды қайта жаңғырту қайталанатын қарқынды су тасқынынан келер залалды төмендетіп, төтенше жағдайларға да жол бермеуге кепіл көрінеді. Бүгінгі таңда филиал қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жыл соңына дейін жұмыс аяқталады. Сонымен қатар Шаған өзені тармағы мен Көшім күретамыр каналын механикалық тазарту жұмыстары атқарылмақ.

– Жәнібек суару-суландыру жүйесін (ЖССЖ) қайта жаңғырту жұмысының жобалық-сметалық құжаттамасын филиал өз қаражаты есебінен дайындауда. Орда топтық су құбырын қайта жаңғырту, Бітік, Дөңгелек, Пятимар су қоймаларын және жеті күретамыр каналды қайта жаңғырту жобаларының ЖСҚ-сын дайындау бойынша мердігерді айқындауға арналған мемлекеттік сатып алу рәсіміне құжаттама дайындалуда, – деді Рауан Құсайынов.

Алдағы уақытта филиал мамандары біраз су қоймалары мен имараттарға, су тораптары мен сорғы стансаларына механикалық тазалау жұмыстарын жүргізбек.

Түгелбай Бисен

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале