Облыстың ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын жеткізетін 19 заңды тұлға бар. Өңір бойынша 109 автогаз құю стансасы жұмыс істеп тұр. Олардың орташа айлық тұтыну көлемі – 4000-4500 тонна. Қазан айына бекітілген жоспар бойынша облыстағы «Жайықмұнай» ЖШС-дан 3 510 тонна мұнай газын жеткізу белгіленген. Ал қараша айына – 4 030 тонна, желтоқсанға – 4 026 тонна көзделген.
– Қазанның 1-25-і аралығында Атырау мұнай өңдеу зауыты жоспарлы жөндеу жұмысына тоқтатылды. Қазіргі уақытта «Жайықмұнай» ЖШС-ы осы көрші облысқа да сұйытылған мұнай газын таратып отыр. Бұл компанияның сұйытылған мұнай газын тәуліктік жөнелту мөлшері – 220 тонна. Біздің облыстың нарығына күніне 100-120 тонна сұйытылған мұнай газын жіберіп отыр. Ал тәуліктік қажеттілік 150-170 тоннаны құрайды. Қазанның 14-і күні облыс нарығына «Жайықмұнайдан» жоғарыда айтылған 3 510 тоннадан 1 442 тонна мұнай газы немесе қажеттіліктің 41 пайызы жеткізілді. Айта кету керек, Атырау мұнай өңдеу зауыты тек БҚО-ны сұйтылған мұнай газымен қамтып отырған жоқ. Ол отынды басқа да облыстарға жөнелтеді. Қазақстан Республикасында тек үш мұнай өңдеу зауыты бар. Егер біреуі жоспарлы жөндеуге тұрса немесе онда ақау пайда болса, сұйтылған мұнай газын жеткізу және тарату бойынша проблемалар болып тұрады, - деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Мирас Мүлкәй өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.
Спикер облыстық полиция департаментінің мәліметінше, облыста тіркелген 130 000-ға жуық автокөліктің 23 000-ға жуығы газбен жүретінін айтты. Салыстырмалы түрде айтсақ, былтыр өңірде газбен жүретін 15 650 автокөлік болған. Яғни бір жылға жуық уақыттың ішінде олардың саны 30 пайызға артқан. «Жоғарыда атап өткен жайттар бірқатар автогаз құю стансасында газ құюды шектеп, талонға көшуге әкеліп отыр. Бұл – уақытша құбылыс. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі басқа көздерден қосымша сұйытылған мұнай газы көлемін бөлу мәселесін қарастырып жатыр», - деді басқарма басшысы.
Ясипа Рабаева
zhaikpress.kz