26.12.2024, 16:00
Оқылды: 29

БҚО-да табысын жасырып, салық төлеуден жалтарған кімдер?

Батыс Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясы салықтық әкімшілендіру тиімділігіне, жергілікті бюджетке түсетін салық пен түсімдердің уақтылы түсуі мен толықтығына, сондай-ақ жергілікті бюджеттен артық төленген соманы қайтаруға, есепке жазудың дұрыстығына мемлекеттік аудит жүргізеді. 2024 жылға бекітілген мемлекеттік аудит нысандарының тізіліміне сәйкес Казталов және Жәнібек аудандары бойынша мемлекеттік кірістер басқармаларында 2021 жылғы қаңтардан 2024 жылғы маусым кезеңіне аудиторлық іс-шара жүргізілді. Осыған орай облыстық тексеру комиссиясының кезекті отырысы өткізіліп, онда  аудит нәтижелері талқыланды.

жп акша Әлішер Уалитханов (1)

Жиында аталған аудиторлық іс-шараға жауапты тексеру комиссиясының мүшесі Батыржан Хамидуллин баяндама жасап, аудит нәтижелерімен таныстырды. Баяндамашының айтуына сүйенсек, Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 18-бабына сәйкес салық құрылымдары еліміздің салық заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету, салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің уақтылы түсуі мен толықтығын қамтамасыз ету және басқа да міндеттерді орындайды. Аудит нәтижесінде салықтық заңнама талаптарын сақтамау салдарынан бюджетке өтелуге жататын барлығы 50 358,6 мың теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталған. Сондай-ақ бірқатар рәсімдік сипаттағы бұзушылықтарға жол берілген. «Аудит барысында және тексеру комиссиясының отырысына дейін қаржылық бұзушылықтың 36 943,3 мың теңгесі бюджетке өтелді. Негізгі бұзушылықтарға тоқталсақ, ауылдық округ бюджеттеріне түсуге тиісті 18 824,5 мың теңге көлеміндегі салықтық түсімдер аудандық бюджетке төленген. Салық құрылымдары қате төленген соманы бюджет сыныптамасының тиісті кодына, яғни ауылдық округ бюджеттеріне түсетін түсімдерге (Казталов ауданында 9 110,3 мың теңге, Жәнібек ауданында 9 714,2 мың теңге) есеп жүргізбеген. Осылайша ауылдық округтер өздеріне тиісті қаржыдан қағылып, өз қажеттіліктеріне пайдалану мүмкіндігінен айырылған», – деді Батыржан Жәлитұлы.

Соңғы кездерде еліміз бойынша, соның ішінде өңірімізде де жекелеген жер пайдаланушылар өздерінің жер пайдалану құқығын сатуда. Оның құны да әжептәуір қаржыны құрайтындығы белгілі.  Салық кодексінің 331-бабына сәйкес жеке тұлғалар мүлікті өткізу кезінде құн өсімінен түсетін кіріс болады. Алайда кірістің туындауына қарамастан жер пайдалану құқығын сатушы кейбір азаматтар жеке табыс салығы бойынша декларация тапсырмаған. Сәйкесінше сатылған жер пайдалану құқығы бағасынан 10% мөлшерінде бюджетке жеке табыс салығы төленбеген. Аудит барысында ол тұлғаларға салықтық есептілікті ұсынбағаны туралы 35 хабарлама жолданды. Аудандық мемлекеттік кірістер басқармалары берешектерді өндіру жұмыстарының жүргізу нәтижесінде бюджетке 11 754,5 мың теңге, оның ішінде Казталов ауданының бюджетіне 10 104,5 мың теңге, Жәнібек ауданының бюджетіне 1 650,0 мың теңге жеке табыс салығы түсуі тиіс. Сонымен қатар орын алған олқылықтар ескеріліп, жергілікті бюджеттің толықтығын қамтамасыз ету мақсатында  басқа аудандарда да камералдық бақылауды жүзеге асыру бағытында Батыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне хат жолданғаны мәлім болды.

Баяндамада айтылғандай, салық құрылымдары мен мәліметтер ұсынуға уәкілетті құрылымдар арасында тиісті деңгейде қарым-қатынастар орнатылмаған. Атап айтқанда, Казталов ауданының жер қатынастары бөлімі ұсынған жерді жалға алу бойынша  мәліметтерде төлеуге жататын сома  және кейбір жағдайларда аукционда сатылған жер учаскесінің құны көрсетілмеген. Елді мекендерден тыс жерлерде өнеркәсіп жерлерінің салық мөлшерлемелерінің орнына ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің салық мөлшерлемелері қолданылған жағдайлар орын алған. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының БҚО бойынша филиалы жеке тұлғалардың мүлкі мен жер учаскелері туралы қате және ескірген деректерді ұсынғаны  айтылды.

– Қазіргі кезде елімізде ауыл шаруашылығы саласындағы тауар өндірушілерге мемлекет тарапынан кеңінен қолдау көрсетілуде. Сондай қолдаулардың бір түрі – демеуқаржы, яғни мемлекеттік субсидия төлеу. Сатылған малдың әрбір келісіне мемлекет тарапынан субсидия алып отырса да, кейбір тауар өндіруші 2023 жыл үшін тапсырған декларацияларында тапқан табыстарын жасырған, мүлдем көрсетпеген немесе азайтып көрсеткен. Бұл өз кезегінде бюджетке бірыңғай жер салығының толық түспеуіне соқтырады. Салық төлеуден жалтарған осындай 41 заңды тұлғаға хабарламалар жолданып, орын алған бұзушылық қалпына келтірілуде, – деді Батыржан Хамидуллин.

Тексеру комиссиясының отырысында қаралған мәселелер бойынша аудиторлық қорытынды бекітіліп, тиісті қаулы қабылданды. БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне, Казталов және Жәнібек аудандары бойынша мемлекеттік кірістер басқармаларына анықталған бұзушылықтарды және оларға ықпал ететін себептерді жою тапсырылды. Сонымен қатар осындай олқылықтарға жол берген жауапты қызметкерлерге еліміздің заңдарында көзделген жауаптылық шараларын қарастыру туралы нұсқамалар жолданды.

Гүлбаршын Дыбысқалиқызы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале