Бүгіндері өңірімізде 46 дерматовенеролог жұмыс істейді. Облыс бойынша дәрігерлердің саны 10 мың тұрғынға шаққанда 0,7%-ды құрайды. Қазіргі уақытта облыстық тері-венерологиялық диспансерде 15 дерматовенеролог қызмет етеді, дәрігер кадрлармен қамтылу деңгейі – 90%.
Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық терівенерологиялық диспансердің директоры Екатерина Ольховская айтты. Сондай-ақ диспансердің ұйымдастыруәдістемелік кабинетінің меңгерушісі Жазира Саргелек мекеменің 10 айдағы жұмысы жөнінде ақпарат берді.
– Диспансердің амбулаторлық-емханалық бөлімшесі бір ауысымда 206 адамды қабылдауға есептелген. Консультацияларды 2 ауысымда 8 дерматовенеролог жүргізеді. Биылғы жыл басынан бері дерматовенерологтар 34 989 жеке консультация өткізді, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2%-ға көп. МӘМС жүйесі енгізілгелі тері ауруларынан бөлек, буындарды зақымдайтын ауыр псориаз диагнозы қойылған ересек пациенттер амбулаторлық деңгейде биологиялық препараттармен гендік-инженерлік терапиядан өтуге мүмкіндік алды. Осы күнге дейін псориаздың ауыр түрлері мен псориазды артритпен ауыратын 75-ке жуық пациент МӘМС топтамасы бойынша ем алды. Биыл тәулік бойы жұмыс істейтін стационарда 678 науқас емделді, оның 245-і – бала (36%). Негізінен бұл созылмалы дерматоз, жұқпалы тері аурулар және жыныстық жолмен берілетін инфекциялары бар пациенттер. Диспансердің күндізгі стационарында 20 төсек-орын бар, онда осы жылы 705 пациент емделді, – дейді Жадыра Нұрлыбекқызы.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2023 жылғы 20 наурыздағы №43 дерматовенерологиялық көмек көрсету стандартына сәйкес амбулаторлық, стационарлық және стационарды алмастыратын жағдайларда пациенттерге жоспарлы түрде көмек көрсетіледі. Барлық диагноз МӘМС пакеті бойынша қаржыландырылады, сондықтан пациенттер медициналық көмек алу үшін әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандыру мәртебесіне ие болуы қажет. Түрлі аурудың диагностикасы мен жаңа дерматологиялық әдістер жөнінде Екатерина Владимировна тарқатып айтты.
– Диспансердің клиникалық-диагностикалық зертханасында жыныстық жолмен берілетін инфекциялар мен тері аурулары бойынша серологиялық, клиникалық, иммунологиялық және ПТР-зерттеулер жүргізіледі. Биыл зертхана 84 807 зерттеу жүргізді, оның 59 078-і – серологиялық, 25 729-ы – клиникалық зерттеу. Биылғы жылдан бастап жыныстық жолмен берілетін инфекциялар үшін ПТР-диагностика енгізілді, ол 99,9% дәлдікпен жүргізіледі. Облыста жыныстық жолмен берілетін инфекциялармен сырқаттанушылық соңғы 3 жылда айтарлықтай төмендеді. Дегенменде олардың ішіндегі жиі таралған аурулар – мерез, гонорея және трихомониаз. Осы жылы терінің микроспория, трихофития сынды ауруларының 69 жағдайы тіркелді. Бұл көрсеткіш республикалық деңгейден төмен. Оларды жұқтыруға көбіне мектеп жасындағы балалар және жануарлармен байланыста болатын адамдар бейім. Бұған қоса облыстық тері-венерологиялық диспансерде дерматология саласындағы жаңа әдістер қолданылуда. Бұл әдістерге дерматоскопия, фототерапия және дерматокосметология кіреді. Фототерапия, әсіресе псориаз, витилиго сияқты ауруларды емдеуде тиімді. Дерматоскопия тері ісіктерін ерте анықтауға мүмкіндік береді, ал дерматокосметология арқылы тері мәселелерін шешу үшін косметикалық процедуралар ұсынылады.
Аружан Болатбекқызы
zhaikpress.kz