Бөрлі аудандық соты тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы шартты бұзу, ақшалай қаражаттарды өндіру, айыппұл мен моральдық зиянның орнын толтыру туралы азаматтық істі қарады.
БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Ч. деген талапкер жеке кәсіпкермен қызмет көрсету туралы шартты бұзу, ас үй гарнитурасы үшін төленген 941,8 мың теңгені, міндеттемелерді орындау мерзімінің бұзылуына байланысты айыппұл және моральдық зиянды өтеуді өндіру туралы талап-арызбен жүгінген.
Сотта анықталғандай, 2022 жылдың 10 желтоқсанында тараптар арасында ас үй гарнитурасын дайындау және орнату туралы шарт жасалған. Келісімшартқа сәйкес жұмыстарды орындау мерзімі 30-45 күнтізбелік күн болып белгіленгенімен, мердігердің міндеттемелері мерзімдері бұзыла отырып орындалған. Сонымен қатар дайындалған бұйымда көптеген кемшіліктер анықталып, талапкердің өтініштеріне қарамастан, олар жойылмаған.
- Сот іс материалдарын зерттей келе, жауапкер шарт бойынша өз міндеттемелерін тиісті түрде орындамаған, бұл тұтынушының Қазақстан Республикасының заңнамасында бекітілген құқықтарын бұзған деген қорытындыға келді. Сот тараптар арасындағы шартты бұзып, жауапкерден талапкердің пайдасына тауар үшін төленген қаржыға қоса, қызмет көрсету мерзімін бұзғаны үшін айыппұлды, моральдық зиянды өтеу және сот шығындарын өндіру туралы шешім қабылдады. Айыппұлдың жалпы сомасы 1,5 миллион теңгеден асады. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ, - деп хабарлады ведомстводан.
Дереккөз: ҚазАқпарат