Облыстық қоғамдық кеңес отырысында облыс әкімі Алтай Көлгінов былтырғы жыл қорытындысы бойынша есеп берді. Облыстық мәслихат ғимаратында өткен жиналысқа облыстық басқарма басшылары, облыстық қоғамдық кеңес мүшелері, жергілікті мәслихат депутаттары және үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.
– Қоғамдық кеңес құрылғалы 60-тан астам отырыс өткізіліп, халықтың тұрмыс сапасын көтеру, әлеуметтік мәселелерді шешуді қарастыруға жүздеген сауал жолданған. Облыс бойынша әлеуметтік қолдау, тұрғын үй, жұмыссыздық мәселесі, инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыруға қатысты іс-шаралар атқарылуда. Жылдар бойы қордаланып қалған мәселелерді азаматтық қоғам өкілдерімен біріге отырып шешеміз, – деді Алтай Көлгінов.
Облыс әкімінің мәліметінше, былтыр өнеркәсіп өнімінің көлемі 2,5 трлн. теңгені құрады. Жеңіл өнеркәсіпте өндіріс көлемі 30%-ға, дайын металл бұйымдары 72%-ға өсті. Былтырғы мамыр айында Елбасы өңірімізге жасаған жұмыс сапарында алты ірі өнеркәсіп орнының қызметін дамытуға тапсырма бергені мәлім. Соған сәйкес ауыр өндіріс ошақтарын жандандыруға қатысты кешенді шаралар басталды. Мәселен, «Зенит» пен «Гидроприбор» зауыттарының басшылығы өндіріс қуатының жүктемесіне қатысты келісімге қол қойды. «Конденсат» АҚ-ның жанар-жағармай тасымалдау жоспарын ҚР Энергетика министрі бекітті.
Индустрияландыру картасына 10 млрд. теңгеге 10 жоба енгізілді. Оның біреуі шетелдік капитал арқылы жүзеге асты. Соңғы үш жылда өңдеу өнеркәсібінде экспорт көлемі 1,3 есе артқан. Былтыр инвестиция тарту көлемі 3%-ға, яғни, 450 млрд. теңгеге өскен. Облыс әкімі Алтай Көлгінов жыл қорытындысы бойынша Қазақстандағы 150 ауданның ішінен Теректі ауданы бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай тудыруға қатысты үздік шыққанын оң нәтижеге балады.
2018 жылы облыста шағын және орта бизнес саласында 1 трлн. теңгеден астам өнім өндірілді. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 140 млрд. теңгеден астам қаржыны құрады.
– Мал басының өсуі ет экспортын ұлғайтуға мүмкіндік берді. Бүгін біз ет өнімдерін Ресей, Иран, Қытай, Армения, Белоруссия және басқа елдерге жеткіземіз. 2017 жылмен салыстырғанда ет экспорты 34 пайызға немесе 3 мың тоннаға артты, – деді Алтай Көлгінов.
Облыс әкімі тұрғын үй салу, автожол жөндеу, ауылдарға ауыз су және көгілдір отын жеткізу, білім және денсаулық нысандарын жаңғырту, мәдениет және спорт саласын дамытуға қатысты деректерді атап өтті. Соңғы үш жылда өңірде 1 мың киломтер автожол жөнделді. Аталған есепті мерзімде 1 млн. шаршы метр үй пайдалануға берілді. Былтыр 1,6 млрд. теңгеге 44 елді мекенге газ құбыры тартылды. 51 елді мекенді қамтыған 2 мың шақырымнан астам орталықтандырылған су құбыры желісі тартылды. Облыс әкімі Алтай Сейдірұлының есебінен кейін облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар баяндама жасады. Оның айтуынша, 2018 жылы облыстық мәслихаттың алты сессиясы, мәслихаттың тұрақты комиссияларының 23 отырысы өткізіліп, 135 мәселе қаралды. Облыстық мәслихаттың 68 шешімі қабылданып, соның 21-і облыстық әділет департаменті тіркеуінен өтті. Облыстық мәслихат депуттаттары былтыр «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ауқымында жаңа жобаларды жүзеге асыруға демеушілік танытып, бірнеше әлеуметтік нысан құрылысына өз қаражаттарын жұмсаған. Жиында облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ербол Салықов та есеп беріп, соңғы үш жылда 60 төралқа отырысы өткізіліп, 384 нормативтік-құқықтық актілерінің жобалары қабылданғанын баяндады. Оның айтуынша, қоғамдық бақылау бағытында жұмыстар жүйелі жүргізіліп, облыстық деңгейдегі мемлекеттік құрылымдар басшыларының есебі тыңдалған. Жиналыста облыстық және аудандық қоғамдық кеңестердің белсенді мүшелері облыс әкімінің, облыстық мәслихат пен облыстық қоғамдық кеңес төрағаларының атынан алғысхаттармен марапатталды.
Нұртай Текебаев,
суреттерді түсірген Темірболат Тоқмамбетов
© zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер