Батыс Қазақстан облысында ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 4,8 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде жергілікті бюджет қаржысы 4,3 млрд теңгені немесе 89%-ын құрайды. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 28%-ға жоғары.

Қаржыландыру көлемінің артуы мал дәрігерлерінің жалақысын көтеруге және ветеринариялық ұйымдарды материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Мәселен, 2024 жылы жұмыс өтіліне қарай ветеринар дәрігердің орташа айлығы 267–278 мың теңге болса, биыл мал дәрігерлеріне 309–320 мың теңге, ветеринарлық фельдшерге 228–256 мың теңге, ветеринарлық санитарға 160–190 мың теңге көлемінде еңбекақы төленуде.
Жоспар бойынша облыста 12 жұқпалы ауруға қарсы 11,0 млн ауыл шаруашылығы жануарына вакцина егілмек (соның ішінде сібір жарасына қарсы 2,9 млн бас). Сондай-ақ 2 млн мал басын диагностикалық тексеруден өткізу көзделген.
Бүгінде облысқа 10,9 млн доза ветеринариялық препарат жеткізілді. Ветеринариялық ұйымдарда дәрі-дәрмек сақтауға арналған 181 тоңазытқыш, 34 жертөле және 3 арнайы жабдықталған бөлме бар.
2025 жылы ауру жануарларды санитариялық союды ұйымдастыруға облыстық бюджеттен 50,764 млн теңге қарастырылды. Бруцеллезге шалдыққан жануарлар облыс аумағындағы тоғыз нысанға тасымалданды.
Бұралқы иттерді аулау және биостерилизациялау жұмыстарына облыстық бюджеттен 73,3 млн теңге бөлінді. Облыс бойынша 13 ветеринарлық станция және ауылдық округтерде 147 ветеринарлық пункт қызмет етеді.
Қазіргі таңда 147 ветеринарлық пункттің 34-і жеке ғимаратпен қамтамасыз етілген, ал қалған 113 пункт ауылдық округ әкімдіктерінен бөлінген бөлмелерде жұмыс істейді. Бұл бағытта 576 млн теңге бөлініп, Ақсай қаласында жаңа ветеринариялық станция және 29 ветеринариялық пункт ашу жоспарланған. Бүгінгі күні олардың 15-і іске қосылды. 2024 жылы жол картасына сәйкес 24 ветеринариялық пункт салу көзделген болатын. Солардың ішінде 60 млн теңгеге 4 жаңа пункт (Бөкей ордасы ауданы Бисен ауылы, Қаратөбе ауданы Егіндікөл және Қоржын ауылдары, Теректі ауданы Аңқаты ауылы) салынды.
Облыста ветеринариялық станциялардың автокөліктері жаңартылуда. 2013 жылы берілген көліктердің тозуына байланысты, 2023–2024 жылдары жергілікті ветеринариялық ұйымдар үшін құны 465,5 млн теңге болатын 43 автокөлік сатып алынды. Биыл ветеринариялық ұйымдарға 827 млн теңге бөлініп, жоғары өтімді және қажетті құрал-жабдықпен жабдықталған 106 қызметтік автокөлік алынып, мамандарға табысталды. Соңғы екі жылда жергілікті бюджет есебінен жалпы 1,3 млрд теңгеге 149 жаңа автокөлік сатып алынды. Нәтижесінде ветеринарлық станциялар автокөліктері толықтай жаңартылды.