Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданы Бөрлі ауылында жол салу кезінде бюджет қаржысының негізсіз жұмсалғаны белгілі болды, - деп жазады Kazinform.

БҚО қоғамдық кеңесінің мүшесі, заңгер Бауыржан Ахметжанның Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлім еткеніндей, «Әділдік жолы» қоғамдық қозғалысының шағымын тексерген БҚО бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті 50,5 млн теңгенің заң бұзушылығын анықтады.
- Мердігер «ШамШың» ЖШС кінәсін мойындап, бюджетке әзірге 19,7 млн теңгені қайтарды. Бөрлі ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сол кездегі басшысы Дастан Ақмамбетов (қазір Приурал ауылдық округінің әкімі) 2022 жылы жасалған жұмыс актісі болмауына қарамастан, аталған компанияға негізсіз қаржы аударған, - дейді Б.Ахметжан.
Оның айтуынша, жолға қаражат төленсе де, тұрғындар «Әділдік жолы» белсенділеріне жұмыс жасалмағанын хабарлаған.
Goszakup.gov.kz порталынан белгілі болғанындай, 2021 жылы 28 маусымда Бөрлі ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мен «ШамШың» ЖШС Бөрлі ауылының ішкі жолын күрделі жөндеуге шарт жасаған. Құны - 335,9 млн теңге, мерзімі - 5 ай.
- Алайда шарт міндеттері толық әрі уақытында орындалмаған. Қоғамдық бақылау ықпалымен аудан әкімдігі мердігерді сотқа берді. Биылғы 30 қыркүйекте БҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Әсия Бисалиева шешім шығарды. Қаулы заңды күшіне енгеннен кейін «ШамШың» ЖШС тағы да 19,5 млн теңгені бюджетке қайтаруы керек. Сонымен қатар 11,2 млн теңгенің жол жөндеу жұмысын қайта жасауы тиіс. Осы дерек бойынша ҚР ҰҚК БҚО бойынша департаменті сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр, - деді Б.Ахметжан.