ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО-дағы департаменті мен ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының өңірлік филиалының бастамасымен, облыс әкімі аппаратының қолдауымен БҚО-да жекелеген әкімдік қызметкерлеріне арналған ассессмент-орталық жұмысын бастады.
Бұл шара мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби деңгейін арттыруға, көшбасшылық әлеуетін анықтауға және өңірдің стратегиялық міндеттерін іске асыру үшін тиімді кадрлық резерв қалыптастыруға бағытталған.
Ассессмент-орталықтың - мақсаты мемлекеттік қызметшілердің кәсіби дағдыларын, басқарушылық қабілеттерін және қазіргі заман талабына сай мемлекеттік қызмет стандарттарына сәйкестігін бағалау, сондай-ақ, негізгі лауазымдарға орналастырылатын перспективті мамандарды анықтап, кадрлық резервті дамыту.
Ассессмент-орталықта мемлекеттік қызметтің ерекшеліктеріне бейімделген түрлі бағалау құралы қолданылады. Мысалы, басқарушылық шешім қабылдау дағдыларын және командамен жұмыс істеу қабілетін талдау үшін нақты жұмыс жағдайларын модельдейтін рөлдік ойындар көзделген.
Сонымен қатар мемлекеттік қызметкерлер өзекті мемлекеттік басқару мәселелерін шешуге арналған практикалық кейстермен жұмыс істейді.
Ассессмент-орталық қорытындысы бойынша әр қатысушының кәсіби дағдыларын дамытуға қатысты жеке ұсыныстар әзірленеді. Ал жоғары әлеуетті қызметкерлер болашақ басшылар пулы қатарына қосылады.
- Ассессмент-орталық қызметкерлердің қабілеттерін объективті бағалауға және олардың кәсіби дамуына жағдай жасауға мүмкіндік береді. Біз өңірдің мемлекеттік қызметін ашық, айқын және тиімді етуге тырысамыз», – деп атап өтті Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО-дағы департаментінің басшысы М. Байсалов.
Айта кету керек, ассессмент таланттарды анықтауға және дамытуға, сондай-ақ адам ресурстарын тиімді басқаруға ықпал етеді.
Ассессмент персоналды басқару, білім беру, психология және басқа да салаларда адамдардың қабілеттерін объективті бағалау және олардың белгілі бір талаптарға сәйкестігін анықтау үшін кеңінен қолданылады.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
БҚО-дағы департаменті