Батыс Қазақстан облысында желтоқсан айында 1 227 адам ковидке зертханалық тексеруден өтті, деп жазады ҚазАқпараттың БҚО-дағы тілшісі.
БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, індет басталғаннан бері 217 867 адамнан сынама алынған. Күні бүгін облыс ПТР диагностикасы үшін 52 916 зерттеуге арналған 1 053 тест жүйесімен қамтамасыз етілген. Тұрғындар арасында коронавирус жұқпасы таралуының алдын алу және оны уақтылы анықтауда зертханалардың рөлі ерекше.
Өңірде COVID-19-ға ПТР әдісімен тестілеу өткізуге арналған 10 зертхана жұмыс істейді, атап айтқанда:
ҚР ДСМ СЭБК «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК БҚО бойынша филиалы; ШЖҚ «Облыстық көпбейінді аурухана» МКК; «Олимп» КДЗ; ШЖҚ «Бөрлі аудандық ауруханасы» МКК; «Медициналық орталық» ЖШС; ҚР ДСМ АҚИҰҒО ШЖҚ РМК «Орал обаға қарсы күрес станциясы» филиалы; «СВА Интертич» ЖШС; «INVIVO» ЖШС; Жәңгір хан атындағы БҚАТУ; «A-Class Medical» ЖШС (келісімшарт бойынша). Тұрғындарға ыңғайлы болуы үшін зертханалардың мекенжайы мен жұмыс уақыты stopcovid.kz сайтында орналасқан. ПТР тестілеудің бағасы 6 мың теңгеден басталады.
Департаменттің мәлімдеуінше, Батыс Қазақстан облысы COVID-19 коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес «жасыл аймақта».
Індет басталғалы облыс бойынша COVID-19-ды 8 344 адам жұқтырған, оның ішінде симптомдармен – 4 152, симптомсыз – 4 192 жағдай.
Өткен тәулікте өңірде 40 адам коронавируспен тіркелді, соның ішінде 25-інде ауру белгілері бар болса, қалған 15-і – симптомсыз. 17 адамнан ЖРВИ белгілерімен тексерілген кезде анықталса, 20-сы бұрын ауырғандармен қарым-қатынаста болған.
Профилактикалық мақсатта тексерілген 1, эпидемиологиялық қадағалау мақсатында сынама алынған 2 адамнан індет табылды.
zhaikpress.kz