26.02.2026, 10:15
Оқылды: 61

БҚО-да жер сілкінісі аймағына кіретін елді мекендер аталды

Батыс Қазақстан облысында 1 наурыз — Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күніне орай бірқатар іс-шаралар жоспарланып отыр, - деп жазады kaz.inform.kz

626ef1ee-1cb8-4ce5-bc4f-f40ac1e28ba9
Фото: kaz.inform.kz

БҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Руслан Шариевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, биыл атаулы күн «Тұрақты және қауіпсіз болашақ үшін экологиялық тәуекелдерді басқару» ұранымен өтеді.

Оның сөзіне қарағанда, БҚО әкімінің орынбасарымен бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес ТЖД балалар мен жастар арасында азаматтық қорғау саласындағы білімді насихаттауға, сондай-ақ азаматтық қорғаныс объектілерінің жұмыс істеу тұрақтылығына үлкен мән береді.

Осыған байланысты жоғары оқу орындарында, мектептер мен балабақшаларда және басқа да білім беру ұйымдарында арнайы сабақтар, ойындар, жарыстар, конкурстар ұйымдастырылады. Олардың барысында қатысушылар өзін-өзі қорғаудың қажетті дағдыларын игереді, түрлі дағдарыстық жағдайлар туындаған кезде өзін қалай құтқаруды және басқаларды құтқаруды үйренеді.

— «Сейсмикалық аймақтарда құрылыс» ережелер жинағына сәйкес Батыс Қазақстан облысының аумағында қарқындылығы 5-6 балл болатын жер сілкінісі аймағына 9 елді мекен кіреді. Бұлар — Орал қаласы, Жаңақала, Казталов, Бөкей ордасы, Тасқала, Теректі, Ақжайық, Шыңғырлау және Бәйтерек ауданы, — деді Р.Шариев.

БҚО аумағында соңғы жер сілкінісі 2008 жылы 26 сәуірде Теректі ауданының Рыбцех, Шалқар, Ерсары және Сарыөмір елді мекендерінде болғаны белгілі.

Басқарма бастығы жер сілкінісі бола қалған жағдайда ең алдымен сабыр сақтау керектігін, лифтіні қолданбау, баспалдақпен жүрмеу, ғимаратты жедел босату және басқа сақтық шараларын еске салды.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале