Бүгін облыс әкімдігінде облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді игеру және инвесторларға жер беру мәселелерін талқылаған селекторлық кеңес өтті.
- Кеше Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Халқымыз үшін жер мәселесі қашанда аса маңызды. Бұл – мемлекеттігіміздің берік негізі және қасиетті символы» деп атап өтіп, жер шетелдіктерге сатылмайтыны туралы қадап айтты.
Кеңес барысында Мемлекет басшысы шетелдіктерге, шетелдік заңды тұлғаларға және шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салынатынын айтып, Президент әкімшілігіне тиісті заң жобасын әзірлеуді тапсырды.
Қазақта «Атамекен жерін ел болып, ұлт болып, халық болып иелік еткен жұрт қана сақтай алады» деген сөзі бар. Алайда атадан мирас болып қалған жерімізді игеру мәселесіне қатысты мәселелер әлі де бар екенін ашық айтқан жөн, - деді кеңесті ашқан өңір басшысы.
Жиында облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Өмірәлиев өңірдегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер мәселесінің түйінін тарқатты.
Өткен үш жыл ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай жатқан 1 млн 41 мың гектар жер бары анықталды. Мемлекет меншігіне 141 мың гектар жер қайтарылса, соның 52,3 мың гектары қайта айналымға енгізілді. Түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 543 мың гектар жер телімдерін пайдаланушылар жерлерін мақсатына сай игеруге кірісті. Десе де әлі күнге 357 мың гектар шамасында жер пайдаланылмай отыр.
Облыста ауыл шаруашылығы жерлерін еліміздің азаматтарына, заңды тұлғаларына табыстау және экономикалық айналымға енгізу мақсатында конкурстар өткізілуде. 2019 жылы 43 конкурс өткізіліп, 391 мың га құрайтын 527 жер телімі табысталса, өткен жылы 51 конкурс өткізіліп, нәтижесінде 545 мың га болатын 674 жер телімі жалдау құқығымен берілді. Биыл 4,6 мың га құрайтын 4 жер учаскесіне бір конкурс өткізілді. Енді 206 мың га құрайтын 246 жер учаскесін табыстау бойынша 16 конкурс өткізіледі.
Өңір басшысы жақында өткен халық алдындағы есепті кездесуі барысында аталмыш басқармаға ауыл шаруашылығы мақсатындағы егістік алқаптарын түгендеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Соған орай жүргізілген жұмыстардың нәтижесі таныстырылды. Бүгінде өңірдің қосалқы жер қорында 3 млн 721 мың га құрайтын жер бар, оның ішінде тыңайған жерлер 531,8 мың га құрайды.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы мақсатына табысталған жер телімдерінің ішінде 458 мың га құрайтын тыңайған жер бар. Демек 990 мың га тыңайған алқап егіске жарамды.
- Пайдаланылмай жатқан жерлерді геопорталдан ғарыштық түсірілімдерге талдау жұмыстарын жүргізу арқылы көре аламыз. Биылдан бастап космомониторинг Qoldau.kz веб-порталы арқылы заңды негізде жүзеге асырылады. Былтыр жалпы көлемі 340 мың га құрайтын жер учаскелерін пайдаланбай отырған 177 субъектілердің тізімі БАҚ-та, ресми сайттарда жарияланды. Қазіргі таңда бұл жұмыстардың нәтижесінде 28 мың га құрайтын 22 пайдаланушы жер телімдерін еркімен мемлекетке қайтарды, 146 мың га құрайтын 63 жер пайдаланушы мақсатына сай игеруге кірісті, 166 мың га құрайтын жердің 92 пайдаланушысына жергілікті атқарушы органдар түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда, - деген Мұрат Амангелдіұлы көпшіліктің назарына пайдаланылмай жатқан жер көлемі 120 мың га болатын 148 жер телімін пайдаланушылардың тізімін ұсынды.
Жиын барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев бүгінде 2 млн га жуық игерусіз жер анықталғанын, аудан әкімдеріне тиісті тапсырмалар берілгенін айтты.
«Биыл 210 мың га жер конкурсқа шығарылады. Бұл - өте төмен көрсеткіш. Өткен жылы 500 мың га жер шығарылды. Сондықтан айналымға қосылатын жер көлемін көбейту үшін конкурсқа шығарылатын жер көлемі көрсеткішін 2-3 есеге арттыруымыз қажет», - деді М.Манкеев.
Кеңесте «Аqjaiyq «ӘКК» АҚ басқармасының төрағасы Нәдір Құрымбаев инвесторларға жер беру мәселесін қаузады. Қаржысы бар, жері жоқ инвесторға әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жер телімін таңдауға, жер телімдерімен танысуға көмектеседі. Өткізілетін конкурстар мен аукциондарға қатыспай-ақ жер алу, жерді жалға алу мерізімінен бұрын және кейін кадастрлық құны бойынша сатып алу, ыңғайлы жерді таңдап алу мүмкіндігі тетіктері қарастырылған. Қазіргі уақытта 25 инвестор жер телімдерін алып, жобаларын іске асыруда. Көрсетілеін қолдау тетіктері бойынша 2000 жұмыс орнын құратын жалпы құны 82 млрд теңгені құрайтын 28 инвстициялық жоба жүзеге асырылуда.
«100 сауда орны» жобасы бойынша кәсіпкерлерге тиімді шарттармен шағын жер етлімдері ұсынылады. Жерді ұсыну адам факторынсыз, gosreestr.kz электронды порталы арқылы ашық жүргізіледі. 2019 жылдан бері 43 жер телімі 5 онлайн аукцион арқылы өткізілген. Жоба іске асырылғалы бері 12 кәсіпорын, 70 жұмыс орны құрылған. Биыл 50 жер телімі сатылымға шығарылып, 10 кәсіпорын, 100 жұмыс орны құрылмақ. Отандық өндірушілердің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік және тұрақтандыру қорының тауарларын ұсынатын «Ел-Ырысы» шағын маркеттері» жобасы іске асырылуда. Қазір Оралда 10 шағын маркет жұмыс істейді. Биылдың өзінде 5 жаңа сауда павильоны орнатылса, жыл соңына дейін олардың санын 15-ке жеткізу көзделіп отыр. Пандемия кезінде кәсіпкерлерді қолдау мақсатында павилбондарды жалдау ақысы шаршы метріне 17500 теңгені құрайды. Бұл өзге өңірлердегі бағадан әлдеқайда төмен.
- Жерді игергісі келетін кәсіпкерлерге қолдау көрсетеміз. Бұл мәселені ай сайын қозғап, жасалған жұмыстар жайымен танысатын боламыз. Соңғы екі жыл ішінде 1 млн астам жер телімі пайдаланылмайтыны анықталды. Жақсы көрсеткіш екені сөзсіз, бірақ бұдан зор мүмкіндіктер бар. Миллион гектар шамасында тыңайған жерді айналымға қосуымыз керек. Қайтарылып жатқан жер көлемі ауқымды, сондықтан ауыл шаруашылығы басқармасының жерден түсетін табыс көрсеткіштері де өсуі тиіс. Әрине, жаңа технологияларды пайдалануды ескерген жөн. Міндет-мұратымыз – ашықтық, жасыратын ештеңе жоқ, жерді алуын алып алып, пайдаланбайтындардың аты-жөнін атағына, танымалдығына қарамастан жариялайтын боламыз. Кеше Мемлекет басшысы айтқандай, біздің өңірден шетелдіктерге жер берілген жоқ және берілмейді де. Жер тек еліміздің азаматтарына беріледі. Жер түгендеу жұмыстары әлі жер қорының барын көрсетті. Сондықтан ондай жерді мақсатына қарай айналымға қосқан жөн. Жерді әлдебір себептермен жерді пайдаланбай отырған азаматтарға аудандардың және Орал қаласының әкімдері несие, лизинг, тұқым, жер рәсімдеу мәселелері бойынша қолдау-көмек көрсетілуі тиіс. Орал және Ақсай қалаларында «100 сауда орны жобасы «жандануда». Қажет болса, 100 емес, 200 сауда орнын жасаңыздар. Биыл кәсіпкерлерге 50 жер телімі ұсынылмақ, бұған Ақсай қаласында қосып, ақпаратты геопорталға орналастырыңыздар. Тұрғындар қай қалада, қай жерден жер телімі сауда-саттыққа шығарылатынын бір орыннан көрсін, - деген облыс әкімі жергілікті тауар өндірушілерге тауарларын сатуға қолайлы жағдай жасауды тиісті құрылымдарға тапсырды.
Сонымен қатар әлеуметтік сауда орындарында, павильондарда жергілікті азық-түлік өнімдерінің бағасы нарықтағы бағадан 10-15 пайызға арзан болуы керек деп ескертіп, қадағалауды тапсырды.
Гүлбаршын Әжігереева,
zhaikpress.kz