3.12.2024, 10:15
Оқылды: 120

БҚО-да ЖИТС-пен күрес жалғасып жатыр

1 желтоқсан – Дүниежүзілік ЖИТС-ке (жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы) қарсы күрес күні. Бұл күні әлемнің түкпір-түкпірінде АИТВ (адамның иммун тапшылығы вирусы) инфекциясымен өмір сүріп жатқан адамдарға қолдау көрсету мақсатында түрлі шаралар өткізіледі.

WhatsApp Image 2024-11-20 at 11.50.54

Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен кезекті баспасөз мәслихатында баяндама жасаған облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының директоры Ақтілек Өмірбаев пен орталық директорының орынбасары Алмагүл Мантакова Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күніне арналған профилактикалық іс-шаралардың онкүндігі туралы ақпарат берді.

– Биыл өңірімізде АИТВ инфекциясы 1 119 адамда тіркелген. Облыс бойынша АИТВ-ның таралу көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 161,4 науқасты құрайды (ерлер – 66,8%, әйелдер – 33,2%). Облыс тұрғындары арасында АИТВ инфекциясының көптеп таралуы Орал қаласында анықталған, ал ауылдық жерлерде ауру деңгейі айтарлықтай төмен. Дегенмен де өңір аудандарында аурушаңдық деңгейі Бөрліде – 13,2%, Бәйтеректе – 5,7%, Ақжайық пен Теректі аудандарында – 3,8%, Бөкей ордасы мен Казталов аудандарында 1,9%-ды құрайды. АИТВ көбіне гетеросексуалдық және гомосексуалдық жыныстық қатынас, кейін инъекциялық есірткі қолдану кезінде парентеральді жолмен жұғады, – деді Ақтілек Армандаұлы.

Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күні аясында облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы бірқатар іс-шара өткізуді жоспарлап отыр. Осыған орай бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен ақпарат таратылып, қоғамдық орындарда акциялар өткізілмек, сондай-ақ баспасөз конференциялары мен бейнеконференциялар да ұйымдастырылмақ. Осы арқылы АИТВ-ның алдын алу және жұртшылықты ақпараттандырып, қоғамдық түсінікті арттыру көзделеді.

– АИТВ-ға қарсы шаралар адамның құқықтарын қорғауға негізделгенде ғана нәтижелі болады. Қоғамда АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға деген стигма мен кемсітушілік азайып, науқастар емделіп, профилактикалық шараларға ашық қол жеткізе алады. Біздің облыстың 90%-дан аса тұрғыны АИТВ-ға тестілеуден өткен. Бұл профилактикалық бағдарламаларының тиімділігін көрсетеді. АИТВ-ның алдын алудағы тағы бір маңызды аспект – жүкті әйелдерге арналған профилактика. Биыл 100% жүкті әйел АИТВ-ға тестілеуден өтті. Қорыта айтқанда, АИТВ-ның алдын алу шаралары мен адам құқықтарын қорғау бір-бірімен тығыз байланысты. Тек осы арқылы біз АИТВ-мен өмір сүріп жатқан адамдарға қолдау көрсетіп, инфекция таралуының алдын аламыз, – деді  Алмагүл Ақжұманқызы.

Аружан Аманжол

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале