Жыл басынан бері облыста 309 жол апаты тіркеліп, салдарынан 90 адам қаза тапқан. Бұл туралы БҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Жанболат Жаншин мәлімдеді.
Қазір облыстық әкімдік қабырғасында аймақ басшысының төрағалығымен жол қауіпсіздігіне арналған жиналыс өтуде.
Алғаш болып баяндама жасаған Жанболат Жаншин қала орталығында күзгі мезгілдерде жаяу жүргіншілердің қатысымен болатын жол апаттары көбейгендігін, жарығы жоқ, нашар жарықтандырылған көшелерде жол апаттары жиі болатындығын,сондай-ақ жаяу жүргіншілер жүретін тротуарлардың жоқтығы жол апатынан адамдардың қаза табуына әкеліп соғып отырғандығын атап өтті.
Жиын барысында жол апатын қайтсек азайтамыз, қайтсек Батыстағы жолдарды қауіпсіз етеміз деген мәселелер қаралды.
– Жолдағы қауіпсіздік қанша қадағалауда десек те жол апаттарының саны азаймай отыр. Мемлекеттің басты байлығы – адам десек, біз адамның өмірін сақтауымыз керек. Жол апаттарының нақты себептерін анықтап, қажетті шараларды күшейтіңдер, - деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
– Республикалық тас жолдарды күтіп ұстайтын техникалар жетіспейді. Соның кесірінен уақытында қар тазаланбайды, құм уақытында себілмейді, - деді облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ернұр Өтегенов.
Өз кезегінде облыс әкімі "ҚазАвтоЖол" мекемесінің басшысына ескерту жасады.
"Сендер жаз бойы не істейсіңдер осы? Неге қыс келгенде техника жетпейді,құм жетпейді деген әңгімені қозғайсыңдар. Сендер қыста жолды қардан тазалауға, құм себуге түгел дайын отыру керексіздер ғой",- деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
Жиында сөз алған "ҚазАвтоЖол" мекемесінің басшысы Қазбек Мамбетовке "Аймақ басшысы қауіпті аумақтарда техникалар неге тұрмайды, қаладан барғанша қанша уақыт кетеді, жетіспейтін техникаларды жалға алыңыздар, әлі үш-төрт ай қыс бар. Жол қауіпсіздігі бізге байланысты. Біреудің өмірін алып кетіп жатқан жол апаттарының себебі нашар тазаланған жол болса қайтеміз. Сіздер осыны түсіну керексіздер. Біз жолды тазалап, адамдардың қауіпсіз жүруіне жағдай жасауымыз керек, - деді аймақ басшысы Нариман Төреғалиев.
Жанат Көшкінбай,
zhaikpress.kz