Полиция департаментінің жол ережелерін қатаң сақтау туралы ескертпесіне қарамастан, 7 қаңтар күні шамамен 13:10-да «Орал-Атырау» республикалық маңызы бар автожолының 62 шақырымында Бәйтерек ауданы Янайкино кентінің маңында «Chevrolet Nexia» автокөлігінің жүргізушісі жол және метеорологиялық жағдайларды ескермей қарсы келе жатқан жолаққа шығып, «Тoyota Ipsum» маркалы қарсы келе жатқан автокөлікке соқтығысқан. Бұл туралы БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Осы жол-көлік оқиғасының салдарынан үш адам қаза тапты, сегіз адам жарақат алды. Қазір оларға медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Үш сағаттан кейін, шамамен сағат 16:30-да «Казталов – Жәнібек - Ресей Федерациясының шекарасы» автожолында, «ВАЗ-2110» автокөлігінің жүргізушісі жолда жүк көлігін басып озып, қарсы қозғалыс жолағына шығып, қарсы бетте көлік жоқ екендігіне көз жеткізбей, қарсы келе жатқан «Chevrolet Lacetti» автокөлігіне соқтығысты. Осы жол-көлік оқиғасының салдарынан бір адам қаза болды. Ал төрт адам әр түрлі дәрежедегі жарақат алды.
Тек 2024 жылдың бірінші аптасында облыс жолдарында жеті адам қаза тапты. Өте өкінішті жағдай.
Егер жүргізушілер жол ережелерін қатаң сақтаса және жолда қырағы болса, бұл қайғылы оқиғаларды болдырмауға болатын еді.
Полиция департаменті барлық жүргізушіден жол қозғалысы ережелерін сақтауды, күрделі метеорологиялық жағдайларда қозғалыс кезінде, автошиналардың жолмен үйкелісін жоғалтпауға мүмкіндік беретін және қозғалысқа қауіп төнген кезде тоқтауға мүмкіндік беретін жылдамдық режимін сақтауды сұрайды.
Есіңізде болсын, қозғалыс жылдамдығы неғұрлым жоғары болса, автошиналардың тартылу коэффициенті соғұрлым төмен болады. Соның салдарынан көлік басқаруды жоғалту қаупі бірнеше есе артады.
Сонымен қатар алдағы күндері синоптиктер ауа райының 28 градусқа дейін төмендеуін болжап отыр.
Осыған байланысты, алыс жолдарға шығудан бас тартуды, елді мекендерден тыс жерлерге, әсіресе дизельді отынмен жүретін көліктері барларды жолға шықпауды сұрайды. Қажет болған жағдайда жылы киім, тамақ, арнайы сүйреткіш және жеткілікті отынмен өзіңізді қамтамасыз етіңіз.