Оралдағы Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрында «Жыл қорытындысы - 2019» жылдың үздік спортшылары мен спорт жанашырларын марапаттау рәсімі өтті.
Салтанатты шарада облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева спорт саласында жыл бойы жасалған жұмыстарға тоқталып, жеңіс тұғырына көтеріліп, ел мерейін көтерген спортшыларды атап өтті.
– Отандық спорттың имиджін қалыптастырып, халықаралық рейтингін нығайтуға батысқазақстандық спортшылардың да қосқан үлесі мол. Өңіріміздің спортшысы Георгий Шейко 2020 жылы Токиода өтетін ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындарына Қазақстан Республикасы бойынша алғашқы жолдаманы жеңіп алғаны біз үшін өте қуанышты. Биылғы ірі додаларда, яғни қазан айында Ташкент (Өзбекстан) қаласында самбодан өткен жастар арасындағы Әлем чемпионатында Бақыт Ерасыл жеңімпаз атанды. Сонымен қоса қазан айында Константа (Румыния) қаласында болған қол күресінен жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында Ерболат Ержан жеңімпаз атанып, ел қоржынын алтын медальмен толықтырды, – деді Әсия Аманбаева.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының айтуынша, бүгіндері өңіріміз дүбірлі сайыстардың, халықаралық турнирлердің алаңына айналып, отандық спорттың игілігі жолында қажырлы еңбек сіңіріп жүрген спортшыларымыз дүниежүзілік спорттың дамуына өз үлестерін қосып келеді. Жерлестеріміздің спорттық аренадағы ерлік үлгісі өңір тұрғындарының денсаулығын бағалауға бағыттап, спортпен жүйелі шұғылданып, ерен еңбек етуге жетелейді. Салауатты қоғам құруды көздеген ел саясатын жүзеге асыру мақсатында бұқаралық спортты дамытуға, спорт инфрақұрылымын жетілдіруге мемлекеттік тұрғыда белсенді қолдау көрсетіліп отыр. Биыл тамыз айында «ҚПО б.в.» компаниясының есебінен Жәнібек және Жаңақала аудандарында 160 орынға дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы басталды. Оған қоса биыл аудандарда 50 спорттық алаң салынып, Орал қаласында 31 спорттық алаң күрделі жөңдеуден өтті.
Салтанатты шарада шәкірттері Гамбургте шағын футболдан «Hamburg cup - 2019» халықаралық турнирінің жеңімпазы, Орал қаласында футболды дамытуға қомақты үлес қосқан “Football kids Uralsk” жеке футбол мектебі жылдың үздік коммерциялық жобасы атанды. Футзалдан 2018-2019 жылғы кезеңнің жоғарғы лига командалары арасындағы Батыс Қазақстан облысы чемпионатының жеңімпазы және 2019 жылғы «Суперкубоктың» иегері - Жәнібек ауданының футзал командасы үздік әуесқой команда аталымының иесі болды. Сондай-ақ таэквондодан V Пара Азия чемпионатының қола жүлдегері және Еуропа чемпионатының жеңімпазы Мәлік Мұқашев «Жеңіске деген жігерлігі үшін» аталымын иеленсе, қол күресінен жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатының жеңімпазы Ерболат Ержан жылдың жаңа жұлдызы атанды. Самбодан жастар арасындағы 2019 жылғы Әлем чемпионатының жеңімпазы Бақыт Ерасылды дайындағаны үшін жастар мен жасөспірімдер арасындағы облыстағы аға жаттықтырушы Бірлес Есенғалиев жылдың үздік бапкері, ал спорттық жүрістен Азия чемпионатының күміс жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Георгий Шейко жылдың «Үздік спортшысы» деген марапатқа ие болды. «Үздік спорттық телебағдарлама» аталымымен «Aqjaiyq» телеарнасының «Sport Time» телебағдарламасының редакторы Тұрар Ғабдрашитұлы, «Үздік қоғамдық қозғалыс - 2019» аталымымен «Uralsk Runners» жүгірушілер клубы марапатталса, «Алтын Алма NEWS» жаңалықтар порталының басшысы Александр Брикс «Спорттық жарыстардан үздік кадрлар» аталымының иегері, «Батыс Арна» ЖШС директоры Серік Қазиев «Спорт жанашыры» атанды.
Сонымен қатар спорт жанашырлары мен өзге де спорт саласының дамуына өзіндік үлес қосқан жандарға алғысхаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Гүлжамал Жолдығали
суретке түсірген Мейірбек Тажкуранов
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер