10.10.2024, 16:15
Оқылды: 171

БҚО-да жылу қашан беріледі?

Биылғы жылыту маусымына дайындық жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілген. Бүгіндері бірнеше қазандық пен сорғылар, түтін сорғылары, желдеткіштер, тарату  құрылғылары түгел тексеріліп, өндірістік ғимараттар ағымдағы жөндеуден өткен. Бұл жөнінде таяуда өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында «Жайықжылуқуат» АҚ-ның бас директоры Бақытжан Акимгужин айтты.

IMG_8280

Сурет: freepik.com

«Жайықжылуқуат» АҚ 1215 тұрғын үйді жылу энергиясымен қамтамасыз етеді. Оның ішіне пәтер иелерінің кооперативінің қызмет көрсетуіндегі, басқару нысаны жоқ үйлер, мүлік иелерінің бірлестігінен құрылған, жай серіктестігі бар және жеке тұрғын үйлер кіреді. Барлық нысандарда гидравликалық сынау және ішкі жылыту жүйелерін жуып-шаю жұмыстары жүргізілген. Бұған қоса мекеме қызмет көрсететін балабақшалар мен білім беру ұйымдары, денсаулық сақтау, мәдениет және әлеуметтік қорғау нысандарының жылу жүйелері толық тексерілген.

– Апатты жағдайлардың алдын алу үшін жылыту маусымында авариялық-диспетчерлік қызмет, авариялықтехникалық команда және ерікті өртке қарсы құрылым тәулік бойы жұмыс істейді. Жеке құрам барлық қажетті материалдармен, құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген. Жылу электр орталықтары аумағында көшпелі техникасы бар өрт сөндіру бөлімі орналасқан. Бұған қоса құрамында арнайы инженерлік техника дайындалды, оның ішінде вакуумдық машина, экскаваторлар мен тракторлар, самосвал, аутокран, жылжымалы су сорғысы, дизельді генератор, аутокөлік жұмысына қажетті жанар-жағармайдың авариялық қоры бар. Қала әкімдігінің №2246 қаулысы негізінде 3 тәулік ішінде ауа температурасы +8 С0-тан төмендеген кезде кәсіпорынның «Тұрғын үй қорының 2024-2025 жылдарға жылыту маусымын бастау туралы» бұйрығы шығады. Сол кезде шаһарға жылу беріледі. Қазіргі уақытта ауа температурасына мониторинг жүргізілуде. Айта кететін жайт, қазіргі таңда пайдаланылған жылу энергиясы үшін тұтынушылардың дебиторлық берешегі 314,35 млн теңгені құрап отыр. Берешек сомасын азайтуға бағытталған жұмыс жүргізілуде. Мәселен, нотариусқа 153,8 млн теңгеге талап-арыз жолданды.

Жеке сот орындаушыларда 156,2 млн теңгеге 3 659 атқару парағы бар. Нәтижесінде  шетелге шығуды шектеу, табыстан ұстап қалу, банк шоттары мен карталарын бұғаттау,  жылжымайтын мүлікке және аутокөлік айдауға тыйым салу сынды мәжбүрлеп орындату шаралары қабылданды, – деді Бақытжан Ғаниұлы.

Бұған қоса баспасөз мәслихатында баянадама жасаған «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС бас директорының орынбасары Тілек Харин жылыту маусымы басталғанға дейін 0,4-110кВ электр беру желісінің 594,58 шақырымын, Зеленов және Шыңғырлау аймақтық электр тораптарында 19 қосалқы стансаны, 214 дана жинақты-трансформаторлық қосалқы стансаны жөндеу жоспарланғанын айтты. Бүгінде аталған жұмыстар 100%-ға орындалған.

– «Батыс Қазақстан АЭЖК» ЖШС құрамына 16 аудандық электр торабы, Орал қаласы желілеріне күтім көрсететін қалалық филиал, материалдық-техникалық база және бас басқарма кіреді. Кәсіпорынның теңгерімінде кернеуі 220кВ-дан 0,4 кВ-ға дейінгі 20 531 желі, жалпы қуаттылығы 1 135,841 МВА 35-220 кВ болатын 152 қосалқы станса және жалпы қуаттылығы 533,589 МВА 35/0,4 кВ болатын 2988 трансформаторлық пункт бар. Орташа тозу деңгейі – 80,67%. Келер жылы тозу деңгейін  1,33% -ға  төмендету жоспарлануда. Батыс Қазақстан облысын дамытудың кешенді жоспары аясында 2019,5 шақырым электр желісі мен жабдықтарын қайта жаңғырту көзделген, –  деді Тілек Молдашұлы.

Аружан Аманжол

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале