Облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте алдағы жылыту маусымына дайындық барысы тағы бір мәрте пысықталды. Өңірдегі қуат өндіруші, таратушы және коммуналдық кәсіпорын басшылары, Орал қаласы мен селекторлық режимде байланысқа шыққан барлық аудан әкімдері атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, түйінді түйткілдерді де ортаға салды.
Көп ұзамай жылыту маусымы сынды жауапты кезеңге аяқ басатынымызды айтқан облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев жалпы дайындық жұмыстарының сонау сәуір айында, жылу беру тоқтатылысымен-ақ басталып кеткенін атап өтті. Ендігі міндет – жаз бойғы жұмыстардың қаншалықты дәрежеде жүргізілгенін саралап, кем-кетікті анықтап, тез арада шешімін табу.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Рүстем Закариннің мәлімдеуінше, алдағы жылыту маусымында облыстағы әлеуметтік нысандардың қатты отынға қажеттілігі 3,8 мың тоннаны, ал сұйық отынға сұранысы 0,7 мың тоннаны құрайды.
19 қыркүйектегі жағдай бойынша 2,5 мың тонна көмір мен 0,5 мың тонна сұйық отын жеткізілгенін алға тартқан басқарма басшысы мектеп, балабақша және аурухана сынды әлеуметтік мекемелердің кезекті жылыту маусымына дейін қажетті отынмен толықтай қамтылатынын жеткізді. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 198,2 млн. теңге қаржы бағытталған. Өңірдегі денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет нысандары тексеруден өтіп, дайындық паспорты берілген. Жұмыс жүйелі жүргізілуде, алайда Ақжайық, Қазталов және Теректі аудандарында қажетті отынмен қамту көрсеткіші өзге аудандармен салыстырғанда едәуір төмен.
Облыс орталығындағы 1 112, Ақсай қаласындағы 89 көп пәтерлі тұрғын үйге дайындық паспорты берілген. 29 әлеуметтік нысан жылу жүйесіне қосылған. Жалпы 40 мыңнан астам жылу желісін қалпына келтіру және жөндеу жұмысы жоспарланған, соның ішінде Орал қаласында 11,5 шақырым және Ақсай қаласында 28,8 шақырым. Қазіргі таңда жұмыс 84 пайызға орындалған. Мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 32 шақырымнан астам жылу желілерін қайта құруға бағытталған 6 жоба да жемісті жүзеге асуда. Нәтижесінде облыс орталығындағы тозығы жеткен ескі жылу желілері 52,4 пайыздан 51,6 пайызға, ал Ақсай қаласында 43 пайыздан 7 пайызға азаяды.
Жиын барысында «Жайықжылуқуат» АҚ бас директоры Мұрат Бәйменов кәсіпорынның «ҚазТрансГазАймақ» АҚ алдындағы берешегі 311 млн. теңгені, ал тұрғындардың көрсетілген қызмет үшін қарызы 328 млн. теңгені құрап отырғанын айтты. Тұрғындардан қарызды өндіріп алу мақсатында жыл басынан бері 1 200 шағым сотқа жолданып, 150 аутокөліктің қозғалысына тыйым салынған. Жеке сот орындаушыларының «күрделі» істерді алудан қашқақтайтынын, нәтижесінде қордаланған қарызы бар пәтер иелерінің бірсыпырасы әлі күнге қарызын өтеуге асықпай отырғанын ортаға салды.
Ақ Жайық атырабында қыс мезгілінің ұзаққа созылатынын және қаһарлы келетінін ескерсек, алты айға созылатын жылыту маусымына дайындықтың да жайбарақаттықты көтермейтіні белгілі. Жиынды қорытындылаған Бағдат Азбаев аудан әкімдері мен коммуналдық кәсіпорын басшыларына дайындық жұмыстарын уақтылы әрі сапалы атқаруды міндеттеп, нақты тапсырмалар жүктеді.
Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
zhaikpress.kz