24.02.2023, 11:30
Оқылды: 86

БҚО-дағы апат: тікұшақты әзірлеген зауыт өкілдері оқиға орнына барады

Бүгін Төтенше жағдайлар министрлігінде 23 ақпанда Батыс Қазақстан облысының аумағында болған авиациялық оқиға фактісіне қатысты брифинг өтті. Брифингте Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов сөз сөйледі. Бұл туралы ҚР ТЖМ-ның баспасөз қызметі хабарлады.

5d5aafc0590e226bdaa7ba29e6ba4e98_1280x720

«Төтенше жағдайлар министрлігі Батыс Қазақстан облысында авиациялық оқиғадан қаза тапқандардың барлық туыстары мен жақындарына министрліктің барлық ұжымы атынан шын жүректен көңіл айтады.

Кеше біздің жүйе үшін қайғылы күн болды. Бір күнде біз төрт әріптесімізден айырылдық. Қызметкерлер өз ісінің білікті және тәжірибелі мамандары болды. Сонымен қатар авиациялық оқиға кезінде біздің бір қызметкеріміз Қазавиақұтқару жетекші инженері және ҚазТрансОйл өкілі зардап шекті», -  деп Руслан Иманқұлов айтты.

9497390ab1e157282cf9010443838cd3_1280x720

Бұған дейін хабарлағанымыздай, кеше 23 ақпанда Астана уақытымен сағат 15.48-де дағдарыс жағдайларында басқару орталығына Орал қаласынан 54 км жерде Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Чапурино кентінің ашық аумағында Ми-8 ТЖМ Қазавиақұтқару тікұшағы қонуға мәжбүр болғаны туралы ақпарат келіп түсті.

Тікұшақ «Атырау-Орал-Атырау» бағыты бойынша ұшқан болатын. «ҚазТрансОйл» АҚ-ның өтінімі бойынша тікұшақ «Өзен-Атырау-Самара» магистральдық мұнай құбырын бойлай ұшты.

Сағат 10.40-та «ҚазТрансОйл» АҚ өтінімі бойынша Атыраудан ұшып шықты, бортта 6 адам - 5 экипаж мүшесі және «ҚазТрансОйл» АҚ-ның 1 өкілі болды.

2021 жылы жасап шығарылған Ми-8 тікұшағының әуеде ұшуы 250 сағатты құрайды,  2023 жылдың 17 қаңтарында Атырау қаласында мерзімді техникалық қызмет көрсетуден өткен болатын.

2030 жылы әуе кемесі алғашқы күрделі жөндеуден өтуі тиіс болатын. Тікұшақ пайдаланылған сәттен бастап ұшуға жарамдылығына әсер ететін ақаулар мен ескертулер болған жоқ.

Оқиғаның орын алғаны туралы хабарлама түскеннен кейін БҚО ТЖД бастығының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі Рашид Блялов 23 құтқарушы мен 8 техникадан тұратын топты басқарып оқиға орнына барды.

Сондай-ақ оқиға орнына жедел медициналық жәрдем ауруханасының 15 дәрігері және құқық қорғау органдарының өкілдері де оқиға орнына барды. ТЖ департаментінде жедел штаб және «жедел желі телефоны» ұйымдастырылды.

Сағат 19.07-де оқиға орнында ТЖД күшімен қаза тапқандардың денесі табылды. Олардың арасында әуе кемесінің командирі Довлетбай Қанатов, екінші ұшқыш Владимир Афанасьев, борт механигі Сиязбек Андосов және инженер Жәрдем Досқалиев бар.  Қазавиақұтқару инженері Сергей Щеглов пен «ҚазТрансОйл» АҚ желілік құбыржолшысы С. Ерғалиев түрлі жарақатымен жедел медициналық жәрдем вагонымен Орал қаласының көпсалалы ауруханасына жеткізілді.

Қазавиақұтқару бас директоры оқиға орнына бірден ұшып шықты. Сонымен қатар бүгін тікұшақты әзірлеген зауыт өкілдері оқиға орнына барады.

Оқиғаның мән-жайын тергеумен ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері мен ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді Тергеу департаментінің қызметкерлері айналысады.

Қазавиақұтқару қаза тапқандардың отбасыларына жан-жақты көмек көрсетеді, ритуалды қызметтерге жұмсалатын барлық шығындар Қазавиақұтқару есебінен жүргізіледі.

Қаза тапқан қызметкерлердің отбасыларындағы балалар кәмелеттік жасқа толғанға дейін қаза тапқан қызметкердің жалақысы мөлшерінде ай сайынғы жәрдемақымен қамтамасыз етіледі. Барлық қажетті төлемдер ұжымдық келісімшартқа сәйкес төленеді.

Бұл мәселелердің барлығы Төтенше жағдайлар министрінің жеке бақылауында.

Фото: gov.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале