Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен кеңес отырсында облыс әкімдігінің бөлім басшысы Аслан Жаркеев құрылыс мерзімі кешігіп жатқан нысандар жөнінде хабарлады.
2019 жылы «Битрикс 24» жүйесі іске қосылған. Бұл жүйе арқылы түрлі саладағы 639 жоба онлайн бақылауға алынған. 639 жобаның 241-і аяқталған, 181-і қаржы болмауына байланысты тоқтатылған, ал 265 жоба жүзеге асырылып жатыр. Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков шаһардағы Пятимарск, Солидарность, Нижегородск көшелері мен Орал-Саратов трассаларындағы тоғыз үйдің электр, газ және жылыту желілерін салу, Теректі ауданының әкімі Арман Өтеғұлов Ақсуат орта мектебінің және Феодоровка ауылындағы автожолдардың жөнделуі, облыстық құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиев Казталов ауданындағы орталық ауруханасын күрделі жөндеуге байланысты күрмеулі түйін жайын түсіндірді.
Казталов ауданындағы орталық аурухана ғимаратын қазан айына дейін қаз-қалпына келтіруі тиіс «Жиенбай» ЖШС құрылыс мерзімін ұзартуды сұрап отыр. Мердігердің жауапсыз қарекетіне байланысты өтуі тиіс сот отырысы желтоқсан аяғына шегерілген.
«Биыл мердігер көптеген жобаны жүзеге асыруды мойнына алғандықтан, үлгере алмай жатыр. Қазіргі уақытта басқа аудандарда жүрген жұмысшыларын аурухананы жөндеуді аяқтауға жұмылдыруда. «Жиенбайдың» жұмыс қарқыны шамалы екені рас. Күнбе-күн серістестік басшысымен сөйлесіп, ақпарат алып отырмын. Ай соңына дейін аяқтауға уәде беріп отыр», – деді Әлібек Антазиев.
Облыс әкімі Ғали Есқалиев тапсырыс беруші құрылымдар жауапсыз мердігерге қатаң шара қолдану керектігін ескертіп, құрылыс нысандарын жеделдетіп аяқтауды тапсырды.
Нұртай Текебай,
zhaikpress.kz