Көктемгі су тасқыны көптің көңілін күпті еткені рас. Талай ауылды су басып, біраз жерлесімізді баспанасыз қалдырған топан су алғашқылардың бірі болып Бөрлі ауданына қарасты Ақсу ауылына кірді.
146 түтіні бар ауылдың көктемгі тыныш кешін арнасынан асқан Шыңғырлау өзені бұзды. Ауыл әкімі Ғарифолла Өтепбергеновтың айтуынша, елді мекеннің шығысынан тасыған су 78 үйге кіріпті.
– Арнайы комиссия 44 үйді жарамсыз деп таныды. 34 тұрғын су кірген үйін жөндеуге қажетті қаражатын алды. Он адам Ақсай қаласына көшеміз деп шешті. Жалпы мемлекет тарапынан берілетін барлық әлеуметтік көмек ауыл азаматтарына көрсетілді, – дейді Ғарифолла Өтепбергенов.
Тасқыннан зардап шеккен ақсулықтардың бірі – Ардақ Әдірахманова. Бес күн бойы үйі су астында тұрғанын айтқан Ардақ ханым тасқын кезінде ауылдағы уақытша орналастыру орнында тұрған. Абырой болғанда сапалы материалдан салынған үйі құламапты. Едендерін ашып, үй іргесі мен бөлмелерді кептіріп жатқан ауыл тұрғыны жер аяғы кеңіген соң жөндеу бастауды жоспарлап отыр.
– Осыдан бір апта бұрын үй жөндеуге қажетті қаражат түсті. Керек деген құрылыс затын алып келдік. Күн ысып, бөлмелердегі ылғал кепкен соң жұмысымыз басталады, – дейді Ардақ Әдірахманова.
Қазіргі таңда ауылда 23 жаңа үй салынып жатыр. Баспаналардың іргетасы құйылды. Үйі жарамсыз деп танылған Ақсу ауылының тұрғыны – Бөтагөз Төртбаева. Қырық жылдан бері аталған ауылда тұратын оның отбасы осы кезге дейін уақытша орналыстыру орнын паналаған.
– Үйіміз суға кеткені көңілімізді түсіргені рас. Бірақ елдің көмегін сезініп отырдық. Тамақтан таршылық көрмедік, киім-кешекке дейін алдық. Жаңа баспана қашан тұрғызылып болар екен деп алаңдаған едік. Іргетасын құйып жатыр. Ол бізге үміт сыйлады. Оқу жылы басталғанша жаңа үйге кіреміз деп сенеміз, – дейді Ботагөз Төртбаева.
Одан бөлек, ауданға қарасты Пугачев ауылын да су басты. Көктемде аталған елді мекендегі 46 үй топан су астында қалды. Арнайы тексеріс 23 үйді апатты деп таныған. Үйі жарамсыз болған тұрғындардың 13-і ауылда қала береміз деген шешім қабылдапты. Қазіргі таңда бір тұрғын үй сатып алуға қажетті қаражатын алып, белгіленген ережеге сай ауыл ішінен жаңа үй алған.
– 9 тұрғын Ақсай қаласына көшетін болды. Қалған азаматтарға үй салынып жатыр. Одан бөлек жиһазы жарамсыз деп танылған тұрғындарға жаңа тұрмыстық заттар алуға қажетті қаражат бөлу үшін бағалау жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы шыққан соң мүлкінен айырылған тұрғындарға 150 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қаражат беріледі, – дейді Пугачев ауылдық округінің әкімі Мереке Естілеуов.
Ауылда бой көтеріп жатқан тұғын үйлердің құрылысын тұрғындар жіті бақылауға алған. Үйі су астында қалған пугачевтық Аида Островская салынып жатқан үйлерді келіп көріп кетуді әдетке айналдырғанын айтады.
– Үйіміз былтыр да суға кетіп еді. Биылғы тасқын баспанамызды жарамсыз етті. Қазір амалын тауып, өзіміздің апатты үйімізді паналап отырмыз. Жаңа үйдің құрылысы тамыз айына дейін бітеді деп отыр. Асыға күтіп жүрміз, – дейді Аида Островская.
Жалпы Бөрлі ауданында 126 үй жарамсыз деп танылған. 66 тұрғынға үй аудан орталығы Ақсай қаласынан сатып алынады. 60 үй жаңадан салынады. Айтып өткендей, құрылыс компаниялары үйлердің іргетастарын құйып жатыр. Сонымен қатар 244 үй иелеріне баспаналарын жөндеуге қажетті қаражат берілді. Оған қажетті 1 миллиард теңгеге жуық ақша зардап шеккен тұрғындардың есеп шоттарына аударылған. Сондай-ақ 437 отбасыға 161 миллион теңге көлемінде біржолғы жәрдемақы төленді. Басқа залалдар өтеле келіпті.
– Жоспар бойынша биыл тамыз айында жаңа үйлерді тапсырамыз. Одан бөлек, Үкіметтің қаулысына сәйкес тұрмыстық заттар мен үйдегі жиһаздарды қалпына келтіру қарастырылды. Яғни залал келген жиһаздар бағаланады. Бұл өзгерістер бойынша екінші мәрте тәуелсіз бағалаушылар жұмысын бастап кетті. Алдағы уақытта барлық бағалаушы есебіне сәйкес тұрмыс заттарына берілетін төлемдер тұрғындарға аударылады, – дейді Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан Ихсанов.
Жалпы аталған екі ауылдан бөлек, Бөрліге қарасты Кеңтүбек және Аралтал ауылдарын да су басты. Ал жыл сайын топан су астында қалатын Қызылтал ауылы биыл аман. Өйткені былтыр аудын әкімдігі ауыл маңынан арнайы дамба салған. Ондай бөгетті енді Аралтал, Пугачев ауылдарына да салу жоспарланып отыр. Ұзындығы 13 шақырым болатын құрылыстың құны – 1,5 миллиард теңге. Оны жүзеге асыру – аудан әкімдігі шешеміз деп отырған басты мәселелердің бірі.
Түгелбай Бисен,
Фотоға түсірген автор
zhaikpress.kz