Бүгін Батыс Қазақстан облысы бойынша тұңғыш ерлер би ұжымы «Атамекен» ерлер би ансамблінің шығармашылық кеші өтті.
Елдің рухын оятатын «Ассау» би көрінісі мен кеш шымылдығын түрген аталмыш ерлер би ансамбліне халық лық толы залдың ыстық ықыласы да ерекше болды.
Кеш «Қара жорға» биімен және «Ақжайық» халықтық би ансамблінің «Көш керуен» биіне, танымал әнші, DD records командасының мүшесі, тыңдарман қауымға Rafa есімімен танылған Рафхат Еламановтың «Фарида» әнімен жалғасын тапты.
Батыстық шоумен Ғазиз Ерболат тізгіндеген кеште ерлер би ансамблі «Балбырауын», «Молдовенцкому», «Лезгинка» билерін билесе, ағаларын қолдап келген Қарлығаш Қадырбекова би студиясының бүлдіршіндері «Достық», «Ақжайық» халықтық би ансамблі орыс биі «Хоровод» билерін жоғары деңгейде билеп шықты.
Одан бөлек, кеш қонақтары Алина Герц «I love you», «Baila», «Grand men’s» тобы «Grande amore», филармония әншілері Айбек Тұрарбеков пен Айдана Ажғалиева «Olenpico», Санжар Әдиет «Корсар» балетінен, Айдар Сахратов «Дон Кихот» балетінен вариацияларды орындады.
Көрікті кеште ұлының жетістігіне марқайған ана Сұлухия Мұхитоваға ұлы, ансамбль жетекшісі Сұлтан Даутов гүл шоқтарын тарту етті.
«Атамекен би ансамблінің жетекшісі Сұлтан Даутовтың ұлы Сулейман Сұлтан «Ерен» биін билесе, «Атамекен» халық би ансамблінің әртісі Гүлжанат Елеубаева «Балбөбек» биін, танымал күйші, Құрманғазы атындағы қазақ Ұлттық халық аспаптар оркестрінің артисі Ақылбек Бектасов «Восток», «Көроғлы» күйлерін тыңдарманын тебірентіп, төгіп-төгіп жіберді.
«ККК» өнер орталығының ұлдар би ансамблі «Рух» биімен елдің рухын көтерсе, аға буын «Атамекен» ерлер би ансамблі «Сақ» биін билеп өне-бойды шымырлатты.
Кештің нүктесі қоғамда ұлттық болмысқа нұқсан келтіретін, ел арасында әлеуметтік желілерге кеңінен тараған видеоға жауапты елдің ұлдары бимен қайтарып, көрермен қауым орнынан тұрып шапалақтап, құрмет көрсетіп, дән риза күйде тарқасты.
Айжан Бауыржанқызы,
ҚР Журналистер одағының мүшесі,
Орал қаласы