Бәйтерек ауданында тозығы жеткен мектептер аз емес. ҚР Президентінің Жолдауындағы тапсымасына сәйкес апатты жағдайдағы мектептерді жою және үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу мақсатында ауданда айтарлықтар жұмыс атқарылып жатыр.
Ауданның төрт ауылдық округінде мектеп құрылыстары жүріп жатыр. Ал Макаров ауылдық округіндегі Жалын елді мекенінде шағын жинақты 54 орындық су жаңа мектеп биылғы жаңа оқу жылында пайдалануға берілді.
Дәл осындай қуаныш бүгін Орал қаласы маңында орналасқан, оқушылары әрдайым тасымалмен білім алып жүрген Байқоныс ауылдық округіндегі Жайық елді мекенінде болды.
Тәуелсіздік күніне орай 108 орындық жаңа білім ұясы есігін айқара ашты. Мұнда 104 оқушы білім нәрімен сусындайды. Жаңа ғимаратта 14 оқу кабинеті бар. Оның ішінде біріктірілген химия-биология, физика-математика, қазақ тілі-орыс тілі, шетел тілі, мультимедия, информатика кабинеттері шәкірттердің заманауи білім алуына септігін тигізбек. Сонымен қатар мектеп екі шеберхана, спортзал, кітапхана, 70 орындық акт залы, 40 орындық асханамен жабдықталған. Аулада екі ойын, футбол, баскетбол, жүгіру және спорт алаңдары бар.
Айта кетейік, Жайық бастауыш мектебі бұған дейін осыдан қырық жыл бұрын салғынған 25 орын ғимаратта орналасты. Онда арнайы пәндік кабинеттер түгілі, спорт, акт залдары болған жоқ.
Көп кешікпей осындай жаңа білім ұялары Макаров ауылдық округіндегі Садовый, Көшім ауылдық округіндегі Өркен ауылдарында ашылады.
Сонымен қатар ауданда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында білім нысандары бой көтеріп жатыр. Достық ауылындағы апатты жағдайдың алдында тұрған мектептің орнына 1200 орындық, Байқоныс ауылында 600 орындық білім ұялары салынып жатыр.
Ал 2024 жылы Байқоныс ауылдық округінің Володар ауылында 300 орындық, Дариян ауылдық округінің Озерное ауылында 108 орындық мектеп салу жоспарланып отыр.
БҚО қоғамдық
даму басқармасы
Фото авторы: Мәди Салық