13.03.2018, 18:38
Оқылды: 82

БҚО-дан ең көне иxтиозавр табылды

dinozavr (2)Батыс Қазақстан облысы территориясынан табылған ихтиозавр суды мекендеген барлық динозаврлардың арғы тегі саналады. Бұл жайлы орыс ғалымы, ресейлік палеонтологтар қоғамы төрағасы Владимир Ефимов мәлімдеді. Зеленов ауданының жас туристер станциясының оқушылары тапқан ерекше жаңалықты зерттеу үшін ғалым Ефимов Оралға әдейі келген.

Ольга Субботина жетекшілік еткен жас геологтар ихтиозавр сүйектерін 2016 жылдың сәуір айында экспедиция кезінде тапқан. Үйірме мүшелері сол жылдың маусым айында жас геологтардың облыстық слетіне қатысып, ғылыми жұмыстарын қорғап, бірінші орын алған. Зеленов ауданының жас туристер станциясы шәкірттері ТМД елдерінің жас геологтары Бурабайда жиналған қазақстандық олимпиадаға қатысқан.

dinozavr-Сол олимпиадада қазақстандық делегация әкелген динозавр сүйектері ғылымда аса бағалы болатыны айтылды. Біз динозавр сүйектерінің суретін алматылық ғалымдарға жібергенімізде, олар ихтиозавр (суды мекен еткен динозавр) сүйектері екенін растады. Елімізден сүйекті зерттейтін ғалым таппағасын ресейлік ғалым Владимир Ефимовке хабарластық. Ол палеонтологиялық зерттеулермен 40 жылдан бері айналысып келеді. В.Ефимов былтырғы күзде сүйек табылған жерді көру үшін облысымызға арнайы келді. Барлық құжаттар рәсімделген соң сүйектерді зерттеуге алып кетті. Ғалым бұл табылған сүйектердің бұрын-соңды Ресей жерінен табылған динозаврларға ұқсамайтынын, қайталанбас ғылыми жаңалық екенін мәлімдеп отыр ,-дейд облыстық балалар мен жасөспірімдердің туризмі және экология орталығының бөлім меңгерушісі Ниязбек Ғатауов.

 Ғалым Владимир Ефимов БҚО-дан табылған бұл ихтиозаврды кейін тараған ихтиозаврлардың ата-тегіне жатады деген ғылыми тұжырым жасады. Бұл сүйек құрылысы жағынан қарапайым және өте көне ихтиозавр дейді ғалым.

-Бұл мезозой дәуіріне жататын Қазақстаннан табылған алғашқы олжа. Бұл – бұрын еш жерде кездеспеген, ғылымда сипатталмаған тіршіліктің жаңа түр. Сондықтан бұған жаңа атау беріледі. Сүйекті тапқан Зеленов ауданының жас геологтарының өтініші бойынша Казахстанозавр (Қазақстаннан табылған динозавр) деп атадық,-дейді Владимир Ефимов.

Орыс ғалымының айтуынша, дене тұрқы 6-7 метрге жеткен жануар жыртқыш болған. Бас сүйегі бір метр, ескекаяқтары екі метрдей, кеудесінің диаметрі бір метрдей. Бұл балықтармен және теңіз ұлуларымен қоректенген өте ірі жануар.

-«Ихтиозавр» грек тілінен аударғанда «балық-кесіртке» дегенге келеді. Бұл жойылып кеткен теңіз жануарлары. Ихтиозаврлар жер планетасында өте ұзақ – мезозой дәуірінің барлық кезеңдерінде мекендеген. Ихтиозаврлардың бұл түрі мезозой заманының шамамен юра кезеңінде пайда болып, бор кезеңінің соңында жойылып біткен. Уақытпен санасақ, 250-90 млн. жыл бұрын. Ғалымдардың пікірінше, ихтиозаврлар – құрғақты мекен еткен көне динозаврлардың біртіндеп судағы тіршілікке бейімделген тұқымы. Ихтиозаврлардың көзі үлкен болған, 20 см-ге дейін жеткен. Көз жанарының сүйекпен қорғалуы олардың түнде де жемтігін аулағанын білдіреді. Омыртқасы шамамен 150 сүйектен құралса, соның сексен шақтысы құйрық бөлігінде. Ұзындығы он метрге дейін жеткен су жануарының мойны қысқа болып, басы мен денесі бітіскен. Түсіне келсек, үстіңгі жағы қоюлау, төменгі жағы ашықтау көк болған. Ары қарайғы археологиялық жұмыстардан басқа да қызықты деректер табылатынына, соңынан Оралда ірі палеонтологиялық музей ашыларына сенемін, – дейді В.Ефимов.

Динара КИНДЕРБАЕВА,

Фотоға түсірген автор

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале