Батыс Қазақстан облысының делегациясы ауыл шаруашылық пен индустриалды аймақ саласында атқарылып жатқан жұмыстарымен танысу және тәжірибе алмасу мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.
БҚО әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов бастаған делегацияны ОҚО әкімі Ж.Түймебаев қабылдап, өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.
- Оңтүстік Қазақстан, негізінен, аграрлы аймақ болып келеді. Мұнда ауыл шаруашылық пен шағын орта кәсіпкерлік саласы жолға қойылған. Сонымен қатар әлеуеті мол 11 индустриалды аймақ болса, Шымкент қаласының өзінде жеңіл және ауыр өнеркәсіптер орналасқан үш индустриалды аймақ бар. Сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан республикадағы фармацевтика кластері дамыған бірден-бір аймақ болып табылады, - деді ОҚО әкімі Ж.Түймебаев.
Облыстық делегация құрамына енген кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының өкілдері, ауыл әкімдері оңтүстік өңірдегі ірі шаруа қожалықтардың жұмысымен танысып, кооперативтерді құру бойынша тәжірибе алмасты.
Өз кезегінде сөз алған БҚО әкімінің бірінші орынбасары А.Өтеғұлов бұл ресми сапар облыс әкімі А.Көлгіновтың өзге өңірлерден тәжірибе алмасу тапсырмасы аясында ұйымдастырылып отырғандығын айтып, агроөнеркәсіп бағыты дамыған бұл аймақтан үйренетін іс-тәжірибе көп екендігін жеткізді.
- Батыс Қазақстанда мал шаруашылығы дамыған. Бүгінде асыл тұқымды мал шаруашылығы мен ет экспортының әлеуетін өрістетудеміз. Мәселен, өткен жылы оңтүстіктегі мал сою бекеттеріне 7800 бас мал жібердік. Сондай-ақ осы облыстағы «Қайып Ата» шаруа қожалығы мал басын алуға қызығушылық танытып отыр. Ресей шекарасымен шектескен біздің облыс өткен жылы 2100 тонна ет экспорттады, - деді А.Өтеғұлов.
Оңтүстік Қазақстанға екі күндік жұмыс сапарымен барған делегаттар агроөнеркәсіп кешенін дамытуда бірлесе жұмыс атқару мақсатында Ордабасы мен Төле би аудандарындағы бірқатар шаруа қожалықтарын аралап, жұмысымен танысты. Сонымен қатар өңір кәсіпкерлерімен кездесу ұйымдастырылып, өзара келіссөздер жүргізу жоспарланып отыр.
zhaikpress.kz