4.07.2017, 10:31
Оқылды: 28

БҚО-ға 12 саланың дәрігерлері келуде

Астана күніне орай өңірімізге 1 шілдеден бастап қазақстандық және шетелдік білікті дәрігерлер келіп, науқастарды қабылдай бастады. Күні бүгінге дейін түрлі саланың дәрігерлері 161 науқасты қарап, тиісті кеңестерін берді. Соның ішінде Германиядан келген тәжірибелі дәрігер Х.Хойман құлағының мүкісі бар науқастарға 13 ота жасады. Соның төртеуін кеше атқарған.


Бұл жөнінде  облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат Төсекбаев мәлімдеді. Оның сөзінше, жоспар бойынша өңірімізге 12 түрлі саланың білікті діргерлері келіп, шеберлік сыныбын өткізуі тиіс. Олардың қатарында оңтүстік қазақстандық белгілі онколог-дәрігер Д.Әріпжанов, Атырау клиникасының дәрігері Р.Медеубаев, М.Оспанов атындағы №1 БҚММУ-нің акушерлік және гинекология кафедрасының жетекшісі С.Рыжкова,  дерматовенеролог Р.Әлиев, Ж.Досымов, Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық дәрігерлері А.Медресова мен Т.Нұрмұхамбетов, психиатрлар мен психологтар және германииялық профессор Х. Хойман бар. Бүгін олардың қатарын  Алматы қаласындағы пульманология және фтизатрия Ұлттық орталығының дәрігерлері  толықтырды. Білгір дәрігерлер облыстық туберкулезге қарсы ауруханада болып, науқастар мен олардың туыстарына кеңес берді. Х.Хойманның өңірімізге жиі келіп, науқастарға ота жасап жүргенін айта кеткеніміз жөн болар.

-«Дәрігер-десанттар» біздің өңірімізге бірінші рет осылай топ болып келіп, тұрғындарға қызмет көрсетуде. Олар осы айдың 4-не дейін осында болып, науқастарға ота жасайды және емдеу бойынша тиімді кеңестер береді. Дәрігерлердің топ болып келіп, өңірімізде шеберлік сыныбын өткізуі – біздің жергілікті дәрігерлерге және науқастарға үлкен көмек деп есептеймін. Өйткені,  дәрігерлердің біліктілігін көтеру үшін оншақты дәрігерге қаражат бөліп, іс-сапарға жібергеннен гөрі «Дәрігерлер десантын» өзімізде қабылдаған әлдеқайда тиімді. Бір жағынан саланы дамытуға арналған қаражатты үнемдейміз, екінші жағынан  дәрігерлеріміз өз орнында отырып, халыққа пайдалы  іс жасайды. Үшіншіден, сырттан келген білікті дәрігерлердің тәжірибесін оның осындағы шеберлік сыныбына қатысқан жергілікті дәрігерлердің барлығы көріп, үйренеді. Сондықтан, игілікті іс жасап жүрген мұндай «Дәрігерлер  десантын» бұдан кейін де  қабылдауға әрқашан дайынбыз, - деген өңіріміздің бас дәрігері Қанат Дүйсенбайұлы жергілікті жоғары медициналық колледж базасынан жақында оқу-клиникалық орталығын ашуды жоспарплап отырғандарын айтты. Оның сөзінше, осы орталықта шеберлік сыныптары мен семинарлар өткізілмек.

Журналистер тарапынан қойылған бірқатар сұрақтарға жауап берген Қанат Дүйсенбайұлы денсаулық паспортының электронды  нұсқасы жөнінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы әңгімеледі. Оның сөзінше, бұл жоба бойынша науқастар туралы ақпараттың барлығы бір жүйеде сақталмақ, ал бұл өз кезегінде дәрігерлерді қағазбастылықтан құтқарып, оған науқасты толық тексеруге мүмкіндік береді.  Мұндай жағдайда әр науқастың өзінің электронды  жеке кабинеті болады және оның қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Ол кабинетке ашып кіріп, танысу үшін әр науқастың өзінің жеке кілті болуы керек. Оны Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы алуға болады.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале