Өңірге Астана қаласы әкімдігінің музыкалық жас көрермен театры «Орал – Біз біргеміз» атты өнер сапарымен келді. Аталған театрдың директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр режиссері Асхат Маемиров өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өнер ұжымының су тасқынынан зардап шеккен батысқазақстандықтарды рухани қолдауға келіп отырғанын мәлімдеді.
Бұл сапар мамырдың 2-сі күні Қаратөбе ауданының орталығынан басталып, өнер ұжымы су тасқыны салдарынан көңілі ортайып отырған аққозылық ағайынмен кездесіп, олардың назарларына «Шәмші» қойылымын ұсынған. Одан әрі Сырым ауданының орталығында «Гауһартас» қойылымын сахналаған. Театр ұжымы бүгіндері Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында өнерлерін көрсетуде. Сондай-ақ Асхат Мақсымұлының айтуынша, зардап шеккен батысқазақстандықтарға көмек көрсету мақсатында ашылған «Ақжайық» қоғамдық қорына театр ұжымының атынан 1 662 000 теңге аударылған.
– Елдің қуанышы да, мұңы да бәрімізге ортақ. Қандай уақытта да, қайсыбір кезеңдерде де халықтың рухы биік болуы тиіс. Біз әрқашан осы елмен біргеміз. Нағыз күштің бірлікте екенін өнер сапары тағы бір дәлелдей түскендей. Өйткені барған аудан-ауыл, елді мекендердегі ел-жұрт алғыстарын жаудырып жатты. Осы ретте ел азаматтарына, жедел жұмысқа кіріскен жергілікті әкімдіктің өкілдеріне және республиканың түкпір-түкпірінен көмекке келген ағайынға ризамыз. Жұмылған жұмыс тобының жедел әрекетінің нәтижесінде 84 елді мекен су тасқынынан аман қалды. Бұл – сын сағатта білек күшін біріктірген мақсат-мүддесі, ниет-тілегі бір азаматтардың күн-түн демей атқарған еңбегінің жемісі, – деді Асхат Мақсымұлы.
Әрі қарай аталған театрдың актері Ернар Мұхамбет пен актрисасы Альфия Хайзуллиева Жайық жұртына ризашылықтарын білдіріп, жарқын күндердің алда екендігіне сенетіндерін жеткізді.
Аманжол Исламғали,
zhaikpress.kz