15 қыркүйек күні Батыс Қазақстан облысына республикалық бюджет есебінен алынуы жоспарланған компьютерлік құрылғылардың кезекті бөлігі жеткізілді.
Бұдан бұрын қашықтан оқытуды ұйымдастыру мақсатында осал топтағы отбасылардың оқушыларына уақытша пайдалануға беру үшін Қазақстан Республикасы Үкіметі резервінен 14970 дана компьютерлік техника алынатындығы туралы айтылған еді. Ол үшін бюджет қаражатынан ақша бөлінген болатын. Бөлінген қаражат 1558 дана компьютер, 2018 дана планшет, 11394 дана ноутбук алуға жұмсалмақ.
- 15 қыркүйек күні облысқа 1500 дана ноутбук келді. Олар Бәйтерек, Теректі аудандары және Орал қаласының оқушыларына таратылып беріледі.
Қазіргі уақытта облыстық білім басқармасы мен «Ақжайық – адалдық алаңы» кеңсесінің өкілдері техникалық құрылғыларды тексеріп, мектептерге таратып беруде, - дейді Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің баспасөз хатшысы Үміт Жәңгірова.
Ертай Бимұханов,
zhaikpress.kz