Кейінгі жылда облыстың негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 537,9 млрд теңгеден 750 млрд теңгеге дейін өсті.

2025 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 566,6 млрд теңгені құрап, 1,2%-ға артты. Инвестициядың 80%-ы жеке инвестициялар үлесі. Салалар бойынша тау-кенөнеркәсібіне салымның 42,4%-ы тиесілі. Одан кейін көлік (19,8%) саласына пен жылжымайтын мүлікпен операциялары (12,9%) инвесторлар қаржысы құйылған.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметі бойынша сыртқы және ішкі инвестициялар көлемін ұлғайту мақсатында бизнес үшін қолайлы орта қалыптастыру, инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде.
Инвесторлармен кездесулер ұйымдастырылып, диалог алаңдарында келіссөздер көбейді. Айта кету керек, кейінгі үш жылда облысқа 4,3 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестициялар тартылды.
2022 және 2023 жылдары тікелей шетелдік инвестиция тарту көлемі бойынша облыс республикада 4-орында болды, ал 2024 жылы (1 907,6 млн АҚШ доллары) Алматы және Астана қалаларынан кейін 2-орынға шықты.
Биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 1 093 млн АҚШ долларын құрап, 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,7 есе артты. Аталған көрсеткіш бойынша облыс Алматы және Астана қалаларынан кейін республикада 3-орында тұр.
2022-2024 жылдары жалпы құны 358,1 млрд теңгені құрайтын 84 жоба іске асырылып, шамамен 5 000 жаңа жұмыс орны ашылды.
Былтыр жалпы құны 104 млрд теңге болатын 21 жоба пайдалануға берілді. 2025 жылы жалпы құны 30 млрд теңге болатын 22 жобаны іске қосу жоспарланған, оның ішінде қазіргі таңда құны 9 млрд теңгені құрайтын тоғыз жоба іске қосылды.
Аталған жобалар қатарында қоспалы өнімдер өндіретін зауыт салу, құрғақ қоспалар өндірісі, химиялық өнімдер (антифриз, ұнтақ, сабын және т.б.) шығару, алюминий сымдарын өндіру жобалары бар.
Кейінгі жылдары облыста бірқатар жоғары технологиялы өндірістер іске қосылды. Бұл өңірдің нақты экономикалық әлеуетін көрсетіп қана қоймай, инвесторлар үшін тұрақтылық пен алдағы экономикалық өсім мүмкіндіктерін дәлелдейді.
Ірі жобалардың қатарында Қарашығанақты кеңейту, Сәтимола кен орнында құны 1,5 трлн теңгені құрайтын калий тыңайтқыштарын өндіру жобасын атап өтуге болады. Түрік инвесторларының қатысуымен құны 1,2 млрд теңге болатын химиялық өнімдер шығаратын зауыт құрылысы басталады. 2028 жылы газ өңдеу кешенін іске қосу көзделуде.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы Жолдауында белгіленген тікелей шетелдік инвестициялар көлемін төмендетуге жол бермеу жөніндегі тапсырмаларды орындау аясында облыста шетелдік инвесторларды тарту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды.
2025 жылдың шілде айында облыс әкімі бастаған БҚО делегациясы Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапары барысында 11 инвестормен 19 жаңа өндіріс орнын ашу жөнінде уағдаласты.
Энергетика, машина жасау, медицина және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу салаларында Vega Power, Foshan City Construction Engineering Co., Ltd, Chengtian Runkang Pharmaceutical, «Yino» Гонконг халықаралық компаниясы, Sunway Concept Limited, Beijing Debont Technology Co. Ltd компанияларымен өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылды.
Қытай инвесторының қолдауымен «Batys Power» ЖШС газ-турбиналық электр станциясын 414 МВт-қа дейін кеңейтуді жоспарлап отыр. «ZhaikPetroleumLtd» ЖШС қытайлық «Foshan City Construction Engineering Co.» компаниясымен бірлесіп жылдық қуаты 130 мың тонна метанол өндіретін газ-химия кешенін салуды бастады.
Жобаның екінші кезеңінде жылына 40 млн тонна аммиак және 100 млн тонна карбамид өндіру жоспарлануда. Аталған жоба Индустрияландырудың бірыңғай картасына енгізілген.
Vega Power компаниясы газ-турбиналық электр станциясын салу жобасын іске асыруды жоспарлауда. Қазіргі таңда жер телімін беру мәселесі мақұлданды.
Инвесторлардың құқықтарын қорғау, проблемалық мәселелерді қарау және оларды шешу мақсатында жыл басынан бері инвестициялық штабтың 14 отырысы өткізіліп, 12 жоба бойынша нақты қолдау көрсетілді. 2025 жылдың қазан айында облыс әкімі бастаған делегацияның Қытайға сапары барысында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен ҚХР-дағы елшілігінің қолдауымен Бейжің және Нанкин қалаларында Батыс Қазақстан облысының өкілдіктері ашылды.
Тамыз айында облыс әкімінің бастамасымен облыс делегациясы Чехия Республикасына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында делегация мүшелері машина жасау, энергетика және тамақ өнеркәсібі салаларында жұмыс істейтін әлеуетті инвесторлармен кездесті.
Sklostroj компаниясы «Стекло Сервис» ЖШС және «Нуржанар» ЖШС-мен бірлесіп облыста шыны ыдыс өндіретін зауыт салу бағытында ынтымақтастық орнатуды жоспарлауда.
Қабылданып жатқан шаралар негізгі капиталға салынатын инвестициялар көлемін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, салық салынатын базаны кеңейтуге және облыс тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді.
Әбу Әбдірахман