Ақтауда «Әуендер әлемі» атты Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрінің гастрольдік концерті өтті. Мәдени іс-шара өңірде алғашқы рет ұйымдастырылды, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Кеш шымылдығы перфоманс, яғни оркестр мүшелері туралы бейнероликпен түрілді. Сонымен қатар көрермен назарына Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрі Жұмысшы мамандықтар жылы аясында түсірілген жаңа видеоартты ұсынды. Концертте А. Вивальди, В.А.Моцарт, Я.Сибелиус, К. Дженкинс, С.Иррадьер, Д.Эллингтон, Н.Тілендиев, Е.Үсенов, Б.Уйллен, М.Джексон және тағы басқа композиторлардың туындылары орындалды.

- Біздің концерт «Ақтау-Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылымен тұспа-тұс келіп отыр. Осы жылға орай ән-шашуымызды арнап, барша өңір тұрғыын құттықтаймыз. Жалпы классикалық музыканы маңғыстаулықтар өте қатты бағалайды екен. Маңғыстау жұрты бізді ерекше күтіп алды. Концертте 20-ға жуық классикалық туынды орындалды. Классикалық музыка кешіне келіп тамашалаған барша тұрғынға алғысымды айтамын, - деді Салтанат Әбілғазиева.

Камералық оркестрмен бірге концертте ҚР «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері Эльмира Усаева және Айбар Хайырханов, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Тұрлыхан Абуханов, мәдениет саласының үздігі Елена Шутарева өнер көрсетті.
Шара соңында Салтанат Әбілғазиеваға облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының атынан алғыс хат табысталды.
Фотолардың авторы: Максим Коваленко
