Батыс Қазақстан облысының мектептерінде де тағамның сапасына бақылау күшейтілді. Бұл туралы БҚО әкімдігінің ресми сайтында жарияланды.
Еске сала кетейік, біраз уақыт бұрын аймақ аудандарында оқушылардың астан улану деректері тіркелген еді. Бүгінде өңірдегі 381 білім ордасының шамамен 92 проценті шәкірттерін ыстық тамақпен қамтамасыз етеді. Бастауыш сынып оқушылары мен аз қамтылған отбасылардың балалары толықтай бюджет есебінен тамақтанады. Тамақтың бағасы орта есеппен 219 теңге.
Облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары жыл басынан бері өңірдің білім беру ұйымдарында екі жүзге тарта тексеріс жүргізген.
- Көбіне кездесетін кемшіліктер – асхана қызметкерлері медициналық тексерістен уақтылы өтпейді немесе уақыттары өтіп кеткен, ыдыс-аяқтардың сақталуы нашар, тағам өнімдерін растайтын құжаттардың болмауы немесе умерзімінен өтіп кеткен, сынды кемшіліктер бізде анықталып отырады,- дейді облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев.
Облыстық білім басқармасының бас маманы Жадыра Қажиекованың айтуынша, күні бүгін тамақтың сапасына қатты көңіл бөлінген. Оның бір дәлелі әр ай сайын мониторинг жүргізіледі. Сонымен қатар, түрлі шаралар ұйымдастырылады. Мектептерде қамқорлық кеңестерінің де күнделікті берілетін тамақты қадағалауға мүмкіндігі бар.
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!