«Казгидромет» мамандарының айтуы бойынша, бүгінгі күнде облыс территориясының 70% аумағында қар жамылғысы толықтай еріген. Тасқала ауданының 2-Шежін, 1-Шежін және Деркөл өзендерін су тасқынының шыңы өтіп кетті, деп хабарлайды «Мой город» инстаграм парақшасында.
15-18 наурыз күндері аралығында Бөрлі, Теректі, Шыңғырлау, Сырым және Қаратөбе аудандарындағы өзендерде су деңгейінің шыңы өтеді және өзендерде максималды су деңгейі қауіпті межеден аспайды деп болжануда.
Жайық өзені бойынша көктемгі мезгілде келетін су көлемін 3,2-5,2 млрд текше метр шамасында болжанса, өткен 2024 жылғы көктемгі су тасқыны кезінде 11 млрд текше метрден астам су келген болатын, яғни биылғы жылы 2-2,5 есеге аз болжанып отыр.
Жайық өзенінің Орал қаласы тұсында максималды су деңгейі 550-650 см шамасында болады деп күтілуде. Қауіпті деңгей – 850 см.
Естеріңізге сала кетейік, еріген қар суы облыс орталығында екі автомобиль жолын басып қалған болатын.