Осы жылдың соңында Ақмола облысындағы Щучинск қаласында шаңғы жарысынан Шығыс Еуропа кубогының екінші кезеңі өтті. Осы бәсекеде үздік өнер көрсеткен жастар 2025 жылдың ақпан айында Италияда өтетін әлем шемпионатына жолдама алады. Сол себепті аталған додаға еліміздің ең үздік жас шаңғышылары жиналды.
Сурет: pexels.com
Бәсекенің алғашқы күні спринт қашықтығының үздіктері жарыс көркін қыздырды. Ұшқыр шаңғышылар жарысында ел намысын қорғаған бәйтеректік Еділбек Елубаев өз қатарластары арасында үздік атанып, әлем біріншілігіне жолдама жеңіп алды.
Жарыстың екінші күні ерлер 20 шақырым қашықтықты бағындырды. Аталмыш жарыста Дамир Қабекесов қола медаль еншіледі.
– Шәкірттерімнің аяқ алысы жаман емес. Әлі бір жарыс күні бар. Сол бәсекеде де облыс шаңғышылары намысты қолдан бермейді деген ойдамын, – дейді бапкер Серік Хайруллин.
Айта кетейік, осы жарыста Ислам Сағынәлиев баптайтын бөрлілік жас шаңғышылар да өнер көрсетуде. 2024 жылы ересектер арасындағы додаға алғаш қосылған Жанерке Тудахунова үздік 30 шаңғышы арасына енді. Алдияр Исаев, Зиннат Мәмедов пен Батыр Меңдіғалиевтің де баптары келісіп тұр!
Арал Болпышұлы
zhaikpress.kz