Батыс Қазақстан облысында Бәйтерек ауданының тұрғыны пәтерді сатып алу-сату шартын біржақты бұзуды заңсыз деп тану, соған байланысты берешекті және тұрақсыздық айыбын өндіріп алу туралы сотқа жүгінді, - деп жазады KAZINFORM.
Сурет: istockphoto.com
БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі 2024 жылғы қаңтарда Переметный ауылынан пәтер сатып алуға хабарландыру жариялаған.
С. деген әйел конкурс жеңімпазы ретінде танылып, құны 10,3 млн теңге тұратын пәтерді сатып алу-сату шарты, оған қоса үйді қабылдау-тапсыру актісі жасалған.
Бұдан кейін мемлекеттік орган «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ БҚО Бәйтерек ауданы бойынша филиалына шартты тіркеу туралы өтініммен жүгінді. Бірақ кейін ол ойынан айнып, өтінімді кері қайтарып алды. Сосын тұрғын үй КЕАҚ-та қайта рәсімдеуден және тіркеуден өтпейді деген себепті алға тартып, шартты біржақты тәртіппен бұзған.
Шын мәнісінде жауапкер шартты тіркеу туралы аталмыш филиалға өтінім берген кезде жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының ақпараттық жүйесінде техникалық ақау болған. Соған байланысты тіркеуді жүргізу мүмкін болмаған. Бірақ кейін бәрі түзетілген, сондықтан шартты тіркеуге болатын еді.
Сот талапкердің мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасып, шарт бойынша өз міндеттемелерін орындағанын, мәміле жасау кезінде оның тарапынан қандай да бір бұзушылықтарға жол берілмегенін анықтады. Осыған байланысты сот талапты толығымен қанағаттандырды.
- Пәтерді сатып алу-сату шартын біржақты бұзу заңсыз деп танылды. Мемлекеттік органнан 10,3 млн теңге берешек және пәтерді сатып алу-сату шарты бойынша 1 млн 030 мың теңге шарттық тұрақсыздық айыбы, сондай-ақ 115 146 теңге мөлшерінде сот шығыстары өндірілді. БҚО сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы шешімді өзгеріссіз қалдырды. Шешім заңды күшіне енді, - деп хабарлады ведомстводан.