БҚО-ның Бөкей ордасы ауданы Сайқын ауылында тұратын Нұрлыбек Иманбаев автолотереядан ұтып алған «Hyunday Accent» автокөлігінің қаржысын қайырымдылық мақсатына жұмсады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өзінің айтуынша, өткен жылдың соңында ғаламтор арқылы құны 7 млн 519 мың теңге тұратын автокөлік ұтып алған. -Отбасымыз болып ақылдаса келе, қаржыны түгелдей қайырымдылыққа жұмсауды ұйғардық. Осы шешімімізді Алматыдағы лотереяны ұйымдастырушыларға жеткізіп, ұтысты ақшалай беруді сұрадық. Олар бұл қадамымызды құптады. Мұны жария етуге қарсы болғанымызбен, тарап кетіпті, - дейді Нұрлыбек.
Оның сөзіне қарағанда, қаржының бір бөлігін Алматыдағы қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан Дәулет Жұпарбеков, Мейірхан Бітімнің отбасына, екінші бөлігін Оралда тұратын 5 жасар қыздың еміне аударған. Қалған бөлігін қайырымдылық қорына жіберіп, туған жері Бисен ауылындағы мұқтаж жандардың қажетін өтемекші.
-Нұрлыбек Машанұлы, өзіңде автокөлік жоқ екен, мініп, қызығын көрмедің бе?
-Екі аяғым бар, мұқтаж емеспін. Ең бастысы, басымыз аман, деніміз сау болсын. Жалпы, қайырымдылық істеріне бұдан бұрын да араласып келемін. Мақсатымыз – түрлі қиындыққа тап болған адамдарға көмектесу, балаларымызды соған тәрбиелеу. Өзім Бисен ауылында туып-өсіп, Орал қаласындағы Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжде, кейін Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясында дене тәрбиесі және спорт мамандығы бойынша білім алдым.
2006-2009 жылдары сол колледжде дене шынықтыру пәнінің оқытушысы болдым.
2009 жылдан бері шекара қызметінде келісімшартпен жұмыс істеймін. Сержантпын, Шоңайда ел шекарасын күзетемін.
Зайыбым Дина М.Мәметова атындағы орта мектепте бастауыш сыныпта және ағылшын тілі пәні бойынша дәріс береді. Екі ұлым, бір қызым осы мектепте білім алып жүр.
-Шекарашы болу абыройлы қызмет қой. Өзің және ұлдарың спортпен айналысады екен, бұл жөнінде не айтар едің?
-Шекарашы болу – екінің біріне бұйырмаған мәртебелі қызмет. Сондықтан да мемлекет шекарасын күзету аса жауапты әрі абыройлы міндет деп есептеймін. Екіншіден, салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен үзбей айналысуды алдыма мақсат етіп қойдым. Футбол ойнаймын, жеңіл атлетика да жаныма жақын. Балаларым да кішкентайынан спортпен шұғылданып, алғашқы табыстарына қол жеткізіп келеді.
-Нұрлыбек, азаматтық танытқаныңа рахмет! Барлық істеріңе береке тілейміз.