7.12.2020, 10:51
Оқылды: 51

БҚО волонтерлері кімдерге және қалай көмек көрсетуде: Айболат Құрымбаевпен сұхбат

Қазақстан Президенті Волонтер жылы деп жариялаған 2020 жылдың түгесілуіне көп қалған жоқ. Батыс Қазақстан облысында волонтерлік қызметімен көзге түсіп жүрген жандар аз емес. Солардың бірі – «Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры» жеке қорының директоры, «Халық алғысы» медалінің иегері Айболат Құрымбаев. ҚазАқпараттың БҚО-дағы тілшісі волонтермен сұхбат құрған еді.

1E51AAD4-9244-4E41-8589-637868E0A01D

- Айболат, еріктілік қызметті қашан бастадың?

- Кейінгі өмір жолымды парақтап отырсам, еріктілік қызметті мектептегі кезімнен бастаған екенмін. 1992 жылы қарияларға көмектескенім үшін сол кездегі Қызыл крест және Қызыл жарты ай қоғамы облыстық филиалының марапатына ие болыппын. Жалпы, ата-аналарымыз бала жасымыздан үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге қамқор болуға, көмекке мұқтаж адамдарға қолұшын созуға үйретті ғой. Мектепте де солай тәрбиеледі. Институт бітіргеннен кейін «Нарын жастары» жастар қоғамдық бірлестігінде қызмет атқарып, соғыс және тыл ардагерлеріне жәрдем бердік. Отынын жарып, көмірін тасып, малына қарасып дегендей қызмет атқардық.

- Қайырымдылық – қазаққа тән қасиеттің бірі. Осы жөнінде не айтар едің?

- Иә, оған сөз бар ма! Қазақтың қанына біткен қасиет қой бұл. Мүмкіндігі бар адамдар әуелден айналасындағы адамдарға малдай, ақшалай жәрдемдескен ғой. Мүмкіндігі жоқтар да қалыс қалмаған, олар қызметімен, іс-қимылымен үлгі болып жүрген. «Асар», «үме» деген түсінік бар, ол тектен-тек шықпаған, мұқтаж жандарға көптеп-көлемдеп көмек беріп, тіпті үй, қора-қопсы салуға дейін қызметін атқарып, қатарға қосып жіберген халқымыз. Сондықтан еріктілік қазаққа таңсық нәрсе емес. Ел тарихында, қоғамда ежелден қалыптасқан салт-дәстүріміздің бір үзігі деуге болады.

- Еріктілер қызметі індет кезінде өріс алды ғой. Қандай жұмыстар атқарылды?

- Індетпен күрес шаралары басталғаннан бері еріктілердің алдыңғы шепте жүргені белгілі. Орал қаласы жиырма аумаққа бөлініп, бізге 11-інші аумақ тиді. Теміржол вокзалы, саяжайлар, үш мектеп бақылауымызда болды. Тиісті мекемелерге, әлеуметтік қызметкерлерге хабарласып, аз қамтылған, көпбалалы отбасылар, жалғызілікті жандар, соғыс, тыл және еңбек ардагерлерінің тізімін алдық. Сол бойынша мұқтаждарға көмегімізді аяған жоқпыз. Бұл жерде оларға тек азық-түлік апару ғана емес, сондай-ақ электронды кілт алу, көлікпен жеткізу, тағы басқа жұмыстарды атқардық. Мысалы, тыл ардагерінің екі аяғы жоқ, өзі жалғыз тұрады. Соған көктемнен бері үйін жинап беріп, суға түсуіне жәрдемдесіп келеміз.

349D4E0F-5F4F-409B-9358-EDBDA072E7A9

- Осы кезеңде ерекше есте қаларлықтай оқиғалар болды ма?

- Әрине, түрлі оқиғалар болып жатыр ғой. Соның біреуіне тоқталайын. Індет кезінде бір әйел адам хабарласып, өзінің Ақтөбе қаласынан келіп, блокпосттардың орнатылуына байланысты қайта алмай отырғанын, өзі жалғыызбасты екендігін, үйінде үш баласының қараусыз қалғанын айтты. Біз сол бойда Ақтөбедегі әріптестерімізге хабарласып, олар әйел үйіне барғанша, балаларына ас-суын беріп, қамқорлық жасады. Мұндай жағдайлар болып жатыр ғой. Жалпы, өзім еріктілік қызметтің ауқымы кең деп ойлаймын. Қайырымдылық қана емес, өзімнің негізгі қызметім – тарихи-мәдени мұраны сақтау да соған кіреді. Қорғауды қажет ететін тарихи, табиғи мұралар Батыс Қазақстан облысында да жеткілікті. Оларды есепке алып, зерттеп, қорғамасақ, ертең жойылып кетуі мүмкін. Сондықтан осындай жерлерге ғылыми экспедициялар ұйымдастырып, өз өлкеміздің бай мұрасын сақтауға барынша үлесімізді қосып келеміз. Өзіміз дүниеге келген Бөкей ордасы ауданының да тарихы бай. Алдағы жылы Бөкей хандығының құрылғанына 220 жыл, Жәңгір хан мектебінің ашылғанына 180 жыл толады. Тұңғыштар мекені саналатын Хан ордасына еліміз тұрғындары ғана емес, шетелдіктер де бет бұрып, өткенімізді біліп, құрметтеп жатса, бәрімізге де ғанибет қой.

EB65A186-1757-4B65-BAA9-3977994328AE

- Айболат, өзіңді Ақ Жайық жұртшылығы ел мен жер тарихына түрен салып жүрген өлкетанушы ретінде жақсы біледі. Ресей өлкетанушылар одағының, Қазақ ұлттық география қоғамының мүшесісің. Жуырда 1845 жылы құрылған Орыс география қоғамының мүшелігіне де өттің. Кезінде қазақтың тұңғыш ғалымдары Шоқан Уәлиханов, Мұхамед-Салық Бабажанов мүше болып сайланған мәртебелі ұйым ғой. Сондықтан алдағы уақытта да елге жасап жатқан қызметіңнің табысты болуына тілектеспіз.

- Рахмет, біз қай қызметімізді де ел үшін деп атқарамыз. Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Коронавирус індетінің тезірек беті қайтып, жарқын күндерде жүздесуге жазсын дегім келеді.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале