Бүгін батысқазақстандықтар белгілі мемлекет қайраткері Есқалиев Нәжімеден Ықсанұлын ақтық сапарға шығарып салды. Марқұммен қоштасу Орал қаласындағы А. Островский атындағы драма театрда өтті.
Қаралы жиынға БҚО әкімі Нариман Төреғалиев бастаған қоғам қайраткерлері, депутаттар, өнер адамдары қатысты. Театрда өткен шарада жиналғандар Нәжімеден Есқалиевтің отбасы мүшелеріне көңіл айтып, марқұммен қоштасып жатты.
Кейін театр алдында халық қаралы митингке жиналды. Қаралы жиында аймақ басшысы алдымен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жеделхатын оқыды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев көңіл айту хатында былай делінген:
"Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Нәжімеден Ықсанұлы Есқалиевтің дүниеден өтуіне байланысты қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын.
Нәжімеден Ықсанұлы еліміздің өркендеуіне күш-жігерін жұмсап, ұзақ жылдар бойы абыроймен қызмет істеген тұлға болды.
Ғибратты ғұмыр кешіп, кең пейілімен айнала-төңірегінің шынайы құрметіне бөленген Нәжімеден Ықсанұлының жарқын бейнесі ұмытылмайды.
Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын"
Осы қазаға байланысты республиканың түкпір-түкпірінен Есқалиевтар әулетіне көңіл айту жеделхаттары толассыз түсуде. Атап айтсақ Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов, Қырымбек Елеуұлы Көшербаев, Бақтықожа Салахатдинұлы Ізмұхамбетов, Серік Нығметұлы Ахметов, Ералы Лұқпанұлы Тоғжанов және Батыс Қазақстан облысынан сайланған ҚР Парламентінің депутаттары: Серік Рахметоллаұлы Егізбаев,Арман Кәрімұлы Өтеғұлов, Снежанна Валерьевна Имашева, Абзал Темірғалиұлы Құспан, Ләззат Тұяқбайқызы Рысбекова, Мәдениет және ақпарат министрі – Аида Ғалымқызы Балаева, ҚР Бас Прокурорының орынбасары – Жандос Өміралиев, Атырау облысының әкімі – Серік Жамбылұлы Шапкенов, Ақмола облысының әкімі – Марат Мұратұлы Ахметжанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі – Ермек Беделбайұлы Көшербаев, Елшілер: Қайрат Шорайұлы Сарыбай, Ережеп Әлқайырұлы Мамбетқазиев, Бақытжан Бөлегенов, Болат Иманбаев, Нұрлан Жалғасбаев, Ержан Қыстафин, А.Баймұхан, Сатыбалды Бұршақов Д.Кәріпов, Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В. бас директоры – Джанкарло Рую секілді азаматтар Есқалиевтер әулетіне көңіл айтып хат жолдаған.
Қаралы жиында Нариман Төреғалиұлы Ақжайық жұртшылығы атынан Есқалиевтер әулетіне көңіл айтты.
-Нәжімеден Ықсанұлы өмір бойына осы елдің ертеңі үшін еңбек еткен азамат. Ол кісі қай салада қызмет атқарса да кәсібилігі көрініп тұратын. Нәжімеден Ықсанұлы бәрімізге ұстаз бола білді. Сол кісінің көрсеткен жолы арқылы жұмыс істеген ауыл шаруашылығы саласының мамандары бүгінде үлкен жетістікке жетіп отыр. Соның арқасында біздің облыстың аграрлық секторы өте жоғары деңгейде дамыды. Біз ағамызды мақтан тұттық,- деді өз сөзінде аймақ басшысы Нариман Төреғалиев.
Нәжімеден Ықсанұлы 1986-1991 жылдары Орал облысы партия комитетінің 1-хатшысы, 1991-1992 жылдары Орал облысы кеңесінің төрағасы, 1992-1993 жылдары БҚО-ның әкімі қызметін атқарған адам. Кейін Өзбекстан, Украина елдерінде елшілік қызметте болған.
Қаралы жиынға жиналғандар марқұм туралы жылы естеліктерімен бөлісті.
Жиын соңында Нәжімеден Ықсанұлының ұлы Ғали Есқалиев барша Ақжайық жұртына қиын күндері қолдау білдіргені үшін алғыс білдірді.
Нәжімеден Есқалиев 5 желтоқсан күні дүниеден өткен болатын.
Жанат Көшкінбай,
Фотоға түсірген: Диас Закбаев
zhaikpress.kz