11.11.2023, 23:16
Оқылды: 98

БҚУ студенттері өнер өкілдерімен кездесті

Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінде "Өнердің әдемі әлемінде" атты әдеби-сазды кездесу кеші өтті.

фото 1

Кездесуге өнердің өз өкілдері – ҚР Суретшілер одағының мүшесі, «Тұран» халықаралық көркемөнер сыйлығының лауреаты, «Атамекен» өнер орталығы көрме ұйымдастыру бөлімінің басшысы Қуандық Мәдір, ақын, журналист Мәрлен Ғилымхан, сазгер, айтыскер ақын Орынбек Меңдіқұл, әнші, ақын студент Әділ Ахметов қатысты.

фото 2

«Сурет – мылқау поэзия. Ал поэзия – сөйлейтін сурет» дейтін француз ойшылы Вольтердің өнердің қызметін, құдіретін тереңнен толғаған әдемі сөзі бар. Суретші бояу, қылқаламымен күллі сұлулықты бейнелесе, сөз өнерінің өкілі өз туындыларымен сол сұлулықты сөз арқылы сөйлетіп, жан бітіретіндей. Демек, «көрнек өнері» аталған барлық өнерде ортақ та, өзіндік ерекшелік те бар. Әр өнердің бейнелеу ерекшелігі, құралы даралап тұрары айқын.
«Өнердің ең асылы, ең биігі – сөз өнері» екенін білеміз. «Асыл сөз» деп бағаланған құдіретті өнерді өзге өнер түрлерімен байланыстырған әдемі кештің куәсі болдық. Кездесуде қонақтарға еркін тақырыптар ұсынылған, таңдау «Махаббат – мәңгі ертегі» тақырыбына түсіп, тапсырма берілді. Ақындар тақырып аясында туған өлеңдерін оқып, сазгер Орынбек Меңдіқұл әндерінің шығу тарихын әңгімелеп берді. Суретші қонағымыз Қуандық Мәдір сурет өнерінде жүрсе де, қара өлеңнен құр алақан емес екенін көрсетіп, өз өлеңін оқыды. Ән мен жырға жаны құмар, әдебиет сүйер студенттер де өлең оқып, қонақтарға өнер тақырыбында сұрақтарын қойып, кеш сұхбатпен жалғасты. Жақсы ән туса, оған жақсы сөз келіссе, тыңдарманның жүрегінен орын тапқызатын орындаушысы екені сөзсіз. Әнші Әділ Ахметов сазгер Орынбек Меңдіқұлдың әніне жазылған «Биленбеген вальс», «Ақын махаббаты», «Вокзал маңы» әндерін орындап қана қоймай, осы әндердің шығу тарихы да айтылып, әсерлі әңгімеге ұласты.

фото 5
Өнерге арналған әдемі кеште өнер иелерінің ерекше таланттарына куә болып, жалпы өнер атаулының шексіз әлемі, құдіреті туралы толғаныстардан туған ойларды көңілге тоқыған, поэзия салтанат құрып, ән әуелеген кештен ерекше әсермен қайттық.
Әдеби кешті ұйымдастарған ұстазымыз Рита Бекжанқызы кеш қонақтарына, студент жастарымызға алғысын білдіріп, «өнердің әлемі қашанда әдемі, қашанда сұлу, өнердің әдемі әлемі өнерді сүйген әрбір жанға сұлулық сыйласын» деген тілегін жеткізді.

Шұғыла Саматова,
М.Өтемісов атындағы
БҚУ-дың 4-курс студенті

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале