11.05.2022, 9:30
Оқылды: 46

Боччадан шеберлік сағаты

Балалар жылы аясында Оралда алғашқы рет бочча параспортын таныстыру бағытындағы шеберлік сағаты өтті. Оны «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығы және «БҚО паралимпиадалық және сурдлимпиадалық спорт түрлері федерациясы» мүмкіндігі шектеулі адамдардың спорттық жергілікті қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

IMG-20220510-WA0018

Іс-шараға облыстық зерде бұзылыстары бар арнайы мектеп интернат колледжі, есту және сөйлеу қабілеті бұзылыстары бар арнайы мектеп-интернаты, көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернат оқушылары, қаладағы білім ұяларындағы инклюзивті білім беруді қажет ететін шәкірттер қатысты.

– «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығы қаладағы мүмкіндігі шектеулі жандарға бір терезе қағидатымен әлеуметтік, құқықтық, жұмысқа орналастыру және психологиялық бағыт бойынша кеңес береді. Сондай-ақ әлеуметтік портал қызметі көрсетіледі. Орталық ашылғалы 11 адам жұмысқа орналасып, келушілер саны көбеюде. «БҚО паралимпиадалық және сурдлимпиадалық спорт түрлері федерациясы» бірлестігінің президенті, халықарарлық спорт шебері Азон Нұрмұханұлы орталыққа келіп, боччаны мүмкіндігі шектеулі жандар арасында кеңінен насихаттауға қолдау көрсетуімізді сұрағанда құп көрдік, – деді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығының басшысы Абзал Молдағалиев.

Жиында Азон Шаймарданов боччаның орталық жүйке жүйесі зақымдалған және омыртқа жарақатын алған денеге, ағзаға оң әсерін тигізетінін, қоларбаға таңылған жандар үшін белсенді дене қозғалысына арналған спорт түрі екенін айтты. «Паралимпиада ойындарының бағдарламасына енетін бұл спорт түрі ерекше қажеттіліктері бар балалардың қимыл-қозғалыс бұзылыстарын түзетуге септігін тигізеді,  физикалық дамуын ынталандырады. Біз параспортқа ізбасар дайындап, спорт арқылы мүгедектігі бар жандарды қоғамда белсенді өмір сүруге тартамыз», – деді ол.

Атырау облысынан арнайы келген өкіл, бочча ойынының жаттықтырушысы Мейірбек Кенжебек шеберлік сағатын өткізді.

«Тең қоғам» әлеуметтік

қолдау орталығы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале