12.03.2026, 18:00
Оқылды: 4

Бөдене өсіру де берекелі іс

Бүгінде мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржы алып, кәсібін бастаған азаматтар көбейіп келеді. Солардың бірі – Теректі ауданына қарасты Ақжайық ауылының тұрғыны Сағидолла Өтеғалиев.

2 (2)

«Ауыл аманатының» игілігін көрген кәсіпкер құс өсіріп, еті мен жұмыртқасын саудаға шығаруда. Қазір «Ақжайық бөдене құсы» жеке кәсіпкерлігінде екі мыңнан аса бөдене бар. Ибаттың Сағидолласы 2024 жылы 2,5% үстемемен 8 млн теңге көлемінде несие алған. Бағдарлама шарты бойынша төлем мерзімі бес жыл, оның алғашқы бір жылы – несие демалысы. Бұл кәсіп бастаушыға жұмысын алаңсыз жүргізуге мүмкіндік береді.

Кейіпкер несие қаражатына оралдық кәсіпкерден инкубатор мен үш мың бөдене балапанын сатып алған. Кейін жұмыртқаға жан бітірудің тәсілін меңгеріп, балапанды одан әрі өсіріп-жетілдіруге машықтанған. Кәсіпкер Өтеғалиев бөденелері «әнге басқан» қорасына кіргізіп, жұмыс жайымен таныстырды.

– Бөдене – нәзік әрі сезімтал құс. Әсіресе, қыс кезінде қора-қопсыдағы температураға баса назар аударып, жиі бақылап тұрған жөн. Олар үшін жылылық +16, +25 температурада болуы қажет. Әйтпесе ауырып, соның кесірінен жұмыртқа да бермей қалуы мүмкін.

Бөдене жұмыртқасын сатып алып, оны өз қолымызбен инкубаторға салғанда, бастапқыда қорқыныш болды. Екі аптадан аса уақыт өткесін, балапан біртіндеп жұмыртқаны жарып шыға бастады. Жаңа шыққан балапандарды бірден оларға арналған жылы орынға орналастырдық. Осы жерде олар жиырма күн бойы күтім көріп, әл жинап, жетіледі. Кейін арнайы тор көзді шағын шарбақтарға ауыстырылады. Үш ай өткен соң ғана бөденелер жұмыртқалай бастайды. Қазір қыс мезгілінің өзінде екі мың құстан күніне 600-ге жуық жұмыртқа алынды. Алдағы жаз айларында кәсіп аясын кеңейтіп, құс санын арттыруды жоспарлап отырмыз, – дейді шаруа.

Шаруа болған соң, шығынсыз бол­майтыны белгілі. Кәсіпкердің айтуынша, құс азығына ай сайын шамамен 300 мың теңге көлемінде қаражат жұмсалады. Құрма жемге қоректік заттар араластырылған, дәруменге және бай. Кәсіпкерлер құстың тез өсіп, жақсы жұмыртқалауы үшін осы азық қоспасын көптеп сатып алады. Ал Ибатұлы асырап отырған бөденелер күніне бір қап жемді тауысып қояды екен. Әрине, құс күтімі мен азығына қанша қажыр мен қаржы жұмсалса, оның берер өнімі де соған сай болмақ.

«Ақжайық бөдене құсы» ЖК-ның бөдене еті мен жұмыртқасын сатуға сертификаты бар. Осының нәтижесінде өнімді сауда орындары мен супермаркеттерге шығаруға мүмкіндік алып отыр. Жұмыртқа  көтерме бағамен данасына 35 теңгеден сатылуда.

Сағидолла ағаның шарбағында құрылысы бітуге таяу қора бар. Жалпы ауданы 200 шаршы метр, биіктігі үш метрді құрайтын қораның кірпіші былтыр қыркүйекте қаланған. Қазір есік-терезелері орнатылып, төбесі толық жабылған. Тіпті жылу батареялары да қойылған. Кәсіпкер мемлекет тағы жеңілдетілген несие берсе, ғимараттың ішкі жұмысын толық реттеп, Қытайдан жабдықтар сатып алғысы келетінін айтты. Бұл ой-жоспары жүзеге асса, құс санын 10 мыңға жеткізіп, өнімін өзге өңірлерге де сатуға жол ашылатынын сөзіне өзек етті Өтеғалиев.

– Мұнда 10 000 бөдене емін-еркін сыйып кетеді. Жылу батареялары қыста газ жүйесіне қосылады. Одан бөлек кіреберіс пен құс сою орны бар. Енді қалған бірен-саран шаруаны аяқтап, Қытайдан тор, инкубатор, брудер сатып алғымыз келеді. Кәсіп тынысы кеңейсе, ауыл азаматтарын да жұмыспен қамтымақ ниеттеміз. Қораны тұрғызуға қарайған қаражат кетті. Мемлекет шаруа жұмысының ширауына көмектесіп, жеңілдетілген несие береді деген ниеттеміз, – деді кәсіпкер.

Ақжайық ауылдық округінің әкімі Болат Қадырәлиев Өтеғалиевтер әулетіндегі жанұяның әр мүшесі жұмыс үдерісін жандандыруға ат­салысып жүргенін айтады.

– Сағидолла ағамыздың ұлы Дәуреннің де еңбекке ебі бар. Ауылда жұмыс жоқ деп қарап жатпай, мемлекеттік бағдарламалар туралы сұрап, қорықпай қатысып, бағын сынады. Бүгінде бөдене өсіру кәсібінің иесі. Аядай қорада кәсібін бастап, қаржы жинап, жаңа қора салды. Оған дейін келер күндерде құс  санын көбейткісі келетіні туралы  айтып жүрген. Осы арман-мұратына тезірек жетсе дейміз. Өйткені бұл бастама аудан мен ауыл экономикасының ілгерілеуіне сеп болары даусыз. Құжаттарын реттеп, ауыл әкімдігі тарапынан қолымыздан  келгенше көмек береміз, – деді округ әкімі Б. Қадырәлиев.

Кәсіп иесі «Ауыл аманаты» бағдарламасы өте қолайлы екенін айтып, тағы несие алуды көздейтінін айтты. Теректі ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сандуғаш Айтқалиеваның айтуынша, «Ауыл аманаты» бағдарламасына өтінім қабылдау әлі де жүріп жатыр екен.

жаңа қоражай

– 2025 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасына ауданнан 185 жоба ұсынылды. Бизнес жобасының  басым көпшілігі мал шаруашылығы болғанымен, таңқурай, құлпынай, балық және бөдене өсіру кәсібін де қалаушылар баршылық. Бағдарлама негізінде несие алып, аудан бойынша бөдене өсірумен айналысып жатқан кәсіпкер біреу-ақ. Ол – Сағидолла Ибатұлының «Ақжайық бөдене құсы» кәсіпкерлігі. Қыс мезгілінде кәсіпкер Өтегеновтің жаңа қора-жайын аралап, шаруашылықтың жай-күйін бақылап көрдім. Оның бұл бастамасын толық қолдаймын. Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы ауылдың әр азаматы 10,2 млн теңгеге дейін қаржы алуға мүмкіндігі бар. Мемлекеттің осы бір мүмкіндігін пайдаланып, жеке кәсіп ашуға ынталы жандардың қатары артып келеді, – деді бөлім басшысы  С. Айтқалиева.

Отбасылық кәсіпті дөңгелетіп отырған Сағидолла аға мен жанұя мүшелері өздері ойлаған несиеге қол жеткізсе, қора-қопсысы бөденелерге толар еді...

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»,

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале